Певцы и композиторы

Клара Төленбаева

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші, халықаралық «Шабыт», Майра Уәлиқызы, Кенен Әзірбаев атындағы ән байқауларының жүлдегері. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының 1-орын иегері. Астанадағы Президенттік оркестрдің әншісі.
К.Төленбаева дегенде, құлағыңызға мынадай әндердің    дүбірі келеді: «Бұлбұлым», «Гүлдариға», «Абай гүлім-ай», «Халаулім», «Жалғыз   арша»,   «Бурылтай», «Секіртпе», «Нартайдың термесі», «Сандуғаш», «Майраның толқымасы». Ал эстрадалық әндерден «Жібек сезім», «Гүл сезім», «Ақ орамал», «Нағашыма», «Жан-жарым» т.б.
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат аулында туған Клара - отбасындағы алты баланың бірі. Ақсуат балалар музыка мектебінде баян сыныбы бойынша оқыған. Әкесі Мүпти мен анасы Гүлбаршын Клара мен ағасы Жанқалдыбекті бірі - актер, бірі әнші болады деп ойлаған да жоқ. «Қыз балаға мұғалім мамандығы лайықты» деп, педколледжге түсуін қалаған. Семейдегі колледж директоры Нәубат Қалиев, әнші-ұстазы Келденбай Өлмесеков, біртуар Мәдениет Ешекеев ағаларының әншілік үлгі-өнегесі өнерпаз жасқа қатты әсер етті, қызықтырды.
Сөйтіп, Алматыдағы консерваторияға оқуға келді. Айы оңынан туып, әйгілі Бекболат Тілеуханның класына түсті. 2003 жылы осы оқу орнындағы аспирантураны үздік бітірді. Клара - бір әні   бір әншінің бүкіл  ғұмырына азық боларлық тамырлы   әндердің шебер орындаушысы ғана  емес, Астанадағы ұлттық  өнер университетінде сырнай дәстүрі бойынша шәкірттер   тәрбиелейтін    оқытушы   да.

Тұрарова Перизат

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші. 1984 жылы 25 желтоқсанда Аягөз қаласында дүниеге келген.
2001 жылы орта мектепті бітіріп, 2002-2008 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс алған. Қазіргі таңда Астана қаласының мемлекеттік филормониясында солист.
Республикалық «Асыл мұра» және Д.Рақышев атындағы байқаулардың лауреаты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері. 2009 жылы Сауд Арабиясының Әр-Реад және Джидда қалаларында өткен Казақстанның мәдениеті күндерінде, 2010 жылы Шанхай қаласында өткен «Шанхай экспо» дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсеткен.

Тұрғанбаев Әділ

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші. Шығыс Қазақстан облысының тумасы.
Орта мектепті Күршім ауылынан бітіріп, 1992-1995 жылдар аралығында Семей қаласындағы музыкалық училищеде, 1995-1999 жылдары Алматы қаласьшдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында білім алды.
С. Тұрысбековтің «Секеннің саз отауы» ансамбілінде, «Көпен келе жатыр» театрында, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Серпер» тобында өнер көрсетті. Республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналары ұйымдастырған «Тамаша», «Алтыбақан», «Ән мен әнші», «Шаншар» бағдарламаларына қатысты. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Моңғол Халық Республикасының Баян Өлгий аймағында, Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында өнер сапарында болған.

Тұрысбеков Сәкен

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Домбырашы, күйші, композитор. 1961 жылы Үржар ауданында туған. Семей музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген.
Көп жылдар «Сазген» ансамблі құрамында еңбек етті. Еуразия университеті жанындағы «Қоңыр қаз» ансамблінің көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған. Қазір Астанадағы «Ақжауын» мемлекеттік камералық ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі.
Сәкен Тұрысбеков «Көңіл толқыны», «Ақжарма», «Балауса», «Дарабоз» күйлерінің және «Аққу сазы», «Ерке құсым», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз», «Шағала», т.б. жиырмаға жуық  әндердің авторы. Әндерінің көбі халыққа Мақпал Жүнісованың орындауында танылды.
Ал күйшінің «Көңіл толқыны» күйі – нағыз шедевр. Күйші оны қос құлыны Анар мен Жанар бірінен кейін бірі өмірден өтіп, жабығып, күйзеліп жүргенінде шығарыпты, яғни қасіреттен қасиетті шығарма туған. 1985 жылы «Көңіл толқыны» күйіне бейнебаян түсірілген.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Үдербаева Бақыт

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1989).
1950 жылы туған.
Сегіз жылдық мектепті бітіріп, 1967 жылы М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түседі.
Шығармашылық жолын 1970 жылы Семей облыстық филармониясында әнші болып бастайды.
«Бақыт Үдербаева ән шырқайды» атты күй-табағы мен телефильмі жарыққа шыққан.
1975 жылы бүкілодақтық әншілер байқауының дипломанты, 1980 жылы Ә.Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының бірінші жүлдегері болды.
«Құрмет» орденінің иегері.


Яндекс.Метрика