Певцы и композиторы

Жылысбаев Бекен

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Қазақстанның халық артисі, әнші, педагог-ұстаз, профессор Бекен Жылысбаев 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында Бірбет ауылында дүниеге келген.
Жылысбаев 1940-1941 жылдары Москваның П. Чайковский атындағы консерваторияның ән факультетінің дайындық курсының бірінші жылын аяқтағанда Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, 1942 – 1944 жылдар аралығында соғысқа қатысады. Соғыстағы ерлігі үшін ордендермен марапатталған. 1946 жылдан бастап Қазақ радиосында солист болып жұмыс істей жүріп, 1951 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітіреді. Өзі оқыған консерваториясында дәріс береді. 1957 жылдан консерваториядағы ән факультетінің кафедра меңгерушісі болып, педагогтар арасында тұңғыш профессор атанады (1973).
Жылысбаев -  қазақ халық әндерін, орыс классиктері мен шет ел композиторларының ән-романстарын шебер орындаушылардың бірі. М. Төлебаевтың “Тос мені, тос” (өлеңі А. Лекеровтікі), “Кестелі орамал” (өлеңі Н. Баймұхамедовтікі), Абай өлеңіне жазылған “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” романстарын, “Қазақстан оттары” (өлеңі Н. Шәкеновтікі) кантатасын, тағы басқа әндерді алғаш орындап, әрі жоғары кәсіби білімін, дауыс диапозонының кеңдігін танытты. Атақты әнші Ленин орденімен, сондай-ақ Еңбек Даңқы, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған. 70-ші жылдары Қазақстанның халық артисі атағына ие болды.

Кәрменов Жәнібек

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

(1949 – 1992)
Кәрменов Жәнібек - әнші, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1990). 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген.
Алматы эстрада-цирк өнері студиясын (Ж.Елебеков класы бойынша), ҚазҰУ-ды бітірген.
«Өнер» баспасында редактор, Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) кафедра меңгерушісі қызметін атқарған.
Кәрменов көптеген халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне мол үлес қосты. Кезінде Қазақ радиосы мен теледидары арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр туралы хабарлар (А.Сейдімбекпен бірге) жүргізді.
Өнер тақырыбына арналған кітаптары («Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні», т.б.) жарық көрді.
Қазақстан Комсомол сыйлығының (1984) иегері. 1996 жылы оның есімі Қарауыл атындағы музыка мектебіне берілді.

Қамбаров Жұмабек

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші. Композитор, драматург.
1950 жылы   1   қыркүйекте Абай ауданында туған.
Өнер мектебінің әншілер даярлайтын бөліміндегі Ж.Елебековтің сыныбында дәріс алды.
1975 жылы Абай атындағы музыкалык драма театрына қабылданды. Әнші ретінде Абай, Біржан, Естай, Ақан сері әндерін асқақтата шырқап, құлақ құрышын қандырған өнерпаз «Қаракөзде» - Асан, «Менің атым Қожада» - Қожа, «Еңлік - Кебекте» - Жапал, «Кісінейді құлындарда» - Дулат, тағы басқа рөлдерді сомдады.
Түрлі мақала жазу арқылы қаламын ұштаған өнер иесі 1975 жылы «Аққу әні» пьесасын жазды. Содан бері үлкенді-кішілі оннан аса пьесаны дүниеге әкелді. «Жер-ана неге күрсінеді?», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Жаралы жүрек», «Желтоқсан жаңғырығы» сияқты туындыларын жұртшылық жылы қабылдады. Семей полигоны тақырыбына да алғаш рет драмалық шығарма жазған.
1980 жылы Семей облыстық телерадиокомпаниясы әдебиет-өнер редакциясына қызметке шақырады. Осында жүріп талай жас таланттың тұсауын кесті. Ол дайындаған «Халық таланттары», «Самал», «Өнеге», «Ән әлемі» сияқты әдеби-музыкалық хабарлар республикалық эфирге де шықты.
Елуден астам әннің, «Мұхтар асуы», «Сахнагер» кітаптарының авторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Құжыманов Ерлан

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші.
1969 жылы 4 ақпанда Ақсуат ауылында дүниеге келген.
1986   жылы   орта   мектепті   бітіріп,   1986-1994   жылдары   Қарағанды   пединститутының көркемсурет факультетінде білім алды.
1994-1996 жылдары осы институтта,  1996-2004 жылдары Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің философия-психология    факультетінде    ұстаздық   етті.    Қазақ   философиясының   тарихы, мәдениеттану, дінтану пәндерінен дәріс оқыған. 2004-2007   жылдар   аралығында   Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің музыка факультетін тәмамдады.
Арқа өңірінің әлі де халыққа танылмай жатқан   ақын-композитарларының   шығармаларын зерттеп, Қазақ радиосының «Алтын қорына» тапсырған. Дүниежүзілік өнер фестивальдерінде   (Франция,    Австрия,    Германия, Түркия, Оңтүстік Корея) қазақ өнерін, мәдениетін насихаттап келеді.
1992  жылы  Алматы қаласында студенттер арасында   өткен   «Студенттер   көктемі» республикалық ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған. 1995 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық Ә.Қашаубаев атындағы, 1997 жылы Тараз қаласында өткен халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы әншілер байқауының жеңімпазы.  1998 жылғы «Шабыт» фестивалінде  ән  байқауы  бойынша   1-орын алып, Ж. Елебеков атындағы республикалық ән байқауында  лауреат  атанды.   Республикалық М.Бапиұлы атындағы байқаудың жеңімпазы.

Құжыманов Жоламан

Музыкальное искусство - Певцы и композиторы

Әнші.
1958 жылы 17 наурызда дүниеге келген. Семей технологиялық институтын бітірген.
Семей облысының Абай атындағы сазды драма театрында қызмет істеп, Әміре Қашаубаев атындағы филармониясында әнші болған. Қазір Алматы қаласы «Сазген сазы» ансамблінің әншісі.
Республикалық өнер байқауларының лауреаты.


Яндекс.Метрика