1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>
012345


Әншілер мен сазгерлер

Ешекеев Мәдениет

Әнші, Қазақстанның халық артисі. 1936 жылы 16 шілдеде Бородулиха ауылында дүниеге келген.
1957-1964 жылдары Семей облысының концерттік-эстрада бюросында, 1965-1975 жылдары «Қазақконцертте» өнер көрсетті, 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық филормониясының әншісі болды. Ж.Елебековтың алғашқы шәкірттерінің бірі. Ешекеевтің репертуарында халық әндерімен бірге, Біржан салдың, Ақан серінің, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, Абайдың бағы басқа халық композиторларының әндері кең орын алды.
Оның орындауындағы бірқатар әндер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынды. Ешекеевтің орындаушылық дәстүрін мейлінше дәл сақтап, жалғастырушы шәкіртттері – Т.Сембаев, Т.Рахимов, т.б.
1997 жылдың 2 тамызы күні Семейде дүниеден озды.

Жамақаев Бекен (Бекенғали)

Бекен Жамақаев - әуесқой композитор, диктор, актер. 1931 жылы Шығыс қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылында дүниеге келген.
Семей педагогикалық училищесін бітірген (1950). 1946-1948 жылдары Семей драма театрының (қазіргі Семей музыкалық драма театрының) құрамында актер. 1951-1952 жылдары Семей облыстық радиокомитетінде әдеби қызметкер, 1952-1957 жылы цензор, 1958-1960 жылдары диктор, т.б. әр қилы мамандықта қызмет істеп, мәдениет саласында еңбек етті.
Жамақаев жасынан өз бетінше әр түрлі музыкалық аспаптарда (домбыра, гармонь, баян т.б.) ойнауды үйреніп, шебер музыкант атанды. Арнайы композиторлық білімі жоқ. Оның халыққа кеңінен танымал «Сұлу сары», «Сауыншы», «Махаббат вальсі», «Қоштасу», «Түн сыры», «Гүлім қайда», «Ертіс әні», «Жалғыздық тойы», т.б. әндері бар.
Жамақаевтің есімінде Семей және Алматыда көшелер бар, 1972 жылы Семей қаласында дүниеден өтті.

Жүндібайұлы Назаролла (Ағашаяқ)

Әнші, ақын, көп қырлы өнерпаз.
1818 жылы бұрынғы Семей губерниясы Өскемен уезі Делбегетей болысының Сапақ ауылында дүниеге келген.
Жастайынан қолына домбыра ұстап, ән айтып, серілік құрған. Өлеңді серік қылған ол 18 жасында әнші, ақын, сері, балуан деген атқа ие болады. Екі бақан таңып аттылы адаммен жарысқа түсуі оны ел ішінде Ағашаяқ атандырады. Өнерпаз түрлі аң-құстың әуеніне салған, бет  әлпетін  құбылтып,   неше  алуан  күлдіргі ойындар көрсеткен.
«Беташар», «Билерге», «Баласы Жүндібайдың  атым  Назар», тағы  басқа мысқыл өлеңдерінде әділетсіз атқамінерлерді шенесе, «Атандым өзім Назар Ағашаяқ», «Жарқылдадым жас күнде»,   «Кәрілік»   секілді   өлеңдерінде көңіл  күйін, өмірден көріп-түйгенін такпақ, нақыл сөздер арқылы білдіреді. Оның «Қаражорға», «Ау, жаным, Жәнікей-ау», «Сары өзен» әндері ел ішіне кең тараған. Өлеңдері Әдебиет және институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы.
1898 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Саттық қыстағында қайтыс болған.

Жүнісов Қанат

Әнші, актер. 1974 жылы 22 ақпаңда бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген.
1991-1994 жылдары Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесінде  дәріс алды. 1994-1998 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының музыкалық драма актері бөлімінде оқыды.
1998-2007 жылдары Астана қаласындағы Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс берді. Қазіргі уақытта Қазақстан авторлар қоғамының Астана қаласындағы филиалының төрағасы және Қ.Қуанышбаев атындағы  қазақ музыкалық драма театрында әдеби бөлімінің меңгерушісі   болып   қызмет істейді.
Театр сахнасында Үкілі Ыбырайдың, С.Сейфуллиннің, тағы басқа кейіпкерлердің бейнесін сомдаған. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Біржан сал» фильмінде Біржан салдың шәкіртінің рөлін ойнады.
«Ғашықтар хикаясы», «Махаббат мелодрамасы», «Әншінің пірі Әміре», «Алғашқы махаббат» секілді пьесалары Қазақстанның көптеген театрларында қойылуда.
2006 жылы «Ханшайым» атты алғашқы ән жинағы жарыққа шықты.
Астана радиосында тұрақты өтетін «Хит - парад -Үздік әндер» байқауында Қ.Жүнісов сөзін жазған отызға жуық ән жеңімпаз деп танылған. Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері. 2007 жылы «Музыкалық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін» атты арнайы дипломмен марапатталды.

Жүнісов Уатхан

1954 жылғы 27 маусымда Зайсан ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген.
Өскемен қаласындағы музыкалық училищесінің халық аспаптар бөлімінің домбыра класында оқып, Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында Қазақ КСР-нің халық әртісі Бақыт Қарабалинадан дәріс алған.
Өскемен музыка училищесінде қазақ халық аспаптар бөлімін ашуда көп еңбек етті: домбыра-тенор, шертер, қобыз-прима, қыл қобыз сыныптарын ашып, қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды.
«Ұланым» (2008), «Ұстазға арнау» (2009), «Домбыра аспабында ойнау шеберлігін арттыруға арналған жаттығулар» (2010) ән-күй жинақтарының авторы.
С.Аманжолов атындағы ЩҚМУ-де оқытушы қызметін атқарады. ҚР Музыка қайраткерлері одағының, ҚР Композиорлар одағы Өңірлік өкілдігінің мүшесі.
30 шақты әндердің және 5 күйдің авторы.

Twitter

Instagram

Facebook

Youtube

Одноклассники

Instagram

Рухани жаңғыру

Оқырмандар қоржынынан

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде жарнама орналастыру бойынша
+7(7232)25-03-64 телефоны және ukcbs@mail.ru
арқылы хабарласуға болады.