1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>
012345


Халық күйшілері

Қожабергенов Оспанғали

Дәстүрлі сыбызғышы.
1906 жылы Катонқарағай ауданында дүниеге келген.
Дарынды өнер иесі сыбызғыны 12-13 жасында сол өңірге белгілі сыбызғышы Мұсадан үйренген. 1957 жылы Республикалық халық шығармашылығы үйінің арнайы шақыруымен Алматыға келіп, «Ақсақ қой», «Сары өзен», «Жорға аю», «Күйсандық», «Жетім қыз», «Өрелі көк», «Жетім бала», «Кеңес күйі», «Көк бұқа», «Боз інген», «Аққабаның толқыны», «Желкен», «Балжынкер» деген күйлер жаздырды.
1957-1958 жылдары Алматы консерваториясында сабақ берді. Өнерпаз домбыраға арналған күйлерді де жете меңгеріп, сыбызғы күйлерін екі аспапта да тарта білген.
1966 жылы дүниеден озды.

Құмақайұлы Кәлек

Сыбызғышы.
1930 жылы 20 мамырда дүниеге келген.
Сыбызғыны 8 жасынан үйрене бастаған Кәлек үшін бұл өнер жеті атасынан бері үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдіс еді. Әкесі Кұмақай да, Өтеміс, Делдал және тағы басқа арғы аталары да елге сыбызғышы ретінде мәлім болған. Мәселен, әкесі Құмақай Шамғынұлы 1944 жылы Алтай қазақтарының көтерілісіне қатысып, Оспан батырды қолдауға Моңголиядан әскер қатарында барады. Осы соғыста жүргенде ел-жұртын аңсап «Сағыныш» деген күй шьгғарады. Оспан батырдың ұйымдастыруымен өткен бір алқалы жиында Құрыш деген атақты сыбызғышымен күй сайысына түсіп, жеңіп шығады. Кейін «Құрбыма», «Кең жайлау» сияқты күйлерді дүниеге әкеледі. Кұмақайдан тәлім алған Кәбетай Уатханұлы, Жұмайхан Ташынұлы, Нағашыбай сияқты шәкірттері оның өнерін жалғастырған. Ал Делдал Сасанұлы Алтай, Қобда аймағына аты шыққан сыбызғышы және батыр, қамшыгер адам екен. Оның «Жаяу Делдал», «Жеті атым» күйлері бүгінге дейін жетіп, орындалып жүр.
Ал Баян Өлгий аймағының Тұлба ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген бозбала Кәлек ел арасындағы той-томалақтарда сыбызғы тартып, елге кең таныла бастайды. 1958 жылы жанадан ашылған аймақтық музыкалық дра-ма театрына шақырылып, халық аспаптар оркестріне   сыбызғышы    болып    орналасқан. Осы ұжымда қызмет атқара жүріп музыкалық білімін   жетілдіре   түседі. 1960 жылы Баян Өлгий аймағының 20, театрдың 10 жылдығына арналған өнер байқауларында өнер көрсетіп үлкен сахна төрінде халық қошеметіне бөленген. Аймақтың танымал өнерпазына айналған Кәлек Монғолияның он сегіз аймағында, 1965 жылы Тува АССР-інде, 1967 жылы Таулы Алтайда, 1974 жылы Қырғызстан, Польша, Германия, Чехия және Мәскеу сахналарында өнер көрсетеді. 1967 жылы Таулы Алтайда зерттеуші ғалым Б.Сарыбаевпен кездесіп, үнтаспаға сыбызғы  күйлерін жазып береді. Еліміздің сол кездегі астанасы Алматыға келіп, музыка фестивальдеріне қатысады.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауылыңда тұратын К.Құмақайұлы - Баян Өлгийдегі сыбызғы дәстүрінің бірегей мұрагері. Қазақ еліне жүзге тарта сыбызғы күйлерін жеткізіп, еліміздің мәдени қорына өзінің мол мұрасын косып отыр. Көпшілікке белгісіз күйлерді орындаумен қатар олардын шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді де жетік біледі. Қазақстанда тұңғыш рет сыбызғы күйлеріне арналған кітаптың шығуына қосқан үлесі өте зор. Жинақтағы аңыздар мен күйлердің барлығы дерлік сол кісінің айтуы, орындауы бойынша жазылып алынған және оған Кәлек күйшінің өзі шығарған «Арман», «Бақыт құшағында», «Шопан сазы» атты күйлері енгізілген.
Моңғолияның    еңбек    сіңірген    мәдениет қызметкері.

Шайқы Құсайынов

Өз тұсының дәуірі мен ортасының кемеңгер домбырашысы Құсайынов Шайқы (1897-1970) Күршім ауданының тумасы. Сүйегі Саржомарт ішіндегі Сәйке руынан. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, Шайқы табиғи қабілетімен домбыра аспабын, күй өнерін шебер меңгерген өнерпаз болған. Халық күйлерін жанымен сүйіп, үйреніп меңгеріп, көптеп бойына сақтап, арттағы ұрпақтарға аманат етіп қалдырған күйші. Замандастарының айтуынша Шайқының репертуарында 50-60-тай халық күйлері болыпты. Мысалы «Балжыңкер», «Ақ қабаның толқыны» күйлері Марқаның көлі мен өзенінің аттарымен, «Бейсенбінің кеңес күйі», ХІХ ғасырдағы атақты Бейсенбі бидің есімімен байланысты, сондай-ақ Сыдық, Мәди сынды Катон-Қарағай жерін мекендеген күйшілердің күйін жеткізуші.

Саятөлекұлы Бағаналы

Домбырашы. 1895 жылы Ақсуат ауданына қарасты Көкжыра ауылында дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан мен Арқа өңіріндегі халық композиторлары күйлерін шебер орындаған. Майталман домбырашының орындауында Тәттімбет, Тоқа, Раздық, Байжігіт, тағы басқа күйші-композиторлардың туындылары өз ерекшелігімен кейінгі ұрпаққа жетті. Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін алғаш орындаушылардың бірі болған. Репертуарында халыққа белгісіз 40-қа тарта күй болған. Алты жасынан бастап қолына домбыра ұстаған Бағаналы өзінің тарлан шабысынан, дүл-дүл аяқ алысынан жаңылмай өткен адам. Ол дарынды домбырашы болумен қатар «Қос ішек», «Барина-Сударина», «Шопан тойы», «Гагаринге сүйінші», «Ой толғауы», «Қосбасар» сияқты бірнеше күйлер шығарған.
1937 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының 1-слетіне қатысқан.
1986 жылы қайтыс болған.

Тауданбекұлы Дәуітбай

Күйші, композитор, ақын.
1873 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма өзенінің бойында дүниеге келген.
Бала кезінен домбыра мең сыбызғыны қатар ұстап, бозбала шағында құрбы-құрдастарына, жеңгелеріне арнап күй шығара бастаған. Жиырма жасында ауқаттылау үйдің қызына ғашық болып, бірақ қыз әкесі оң шырай бермеген соң ол қызды алып қашып, Баян Өлгий жағындағы нағашы жұртына өтіп кетеді. Сол жақта ел ісіні белсене араласады.
«Жалама айдаған», «Ертіс толқыны», «Арна» «Жаяу солдат», «Қайран Бежең», «Тарту», «Арнау» секілді күйлері бар. 1991 жылы жарық көрген «Күй керуен» атты Қарасұлы Сақайдың кітабында Дәуітбайдың күйшілігі туралы деректер берілген.
1937 жылы қайтыс болған.

Twitter

Instagram

Facebook

Youtube

Одноклассники

Instagram

Рухани жаңғыру

Оқырмандар қоржынынан

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде жарнама орналастыру бойынша
+7(7232)25-03-64 телефоны және ukcbs@mail.ru
арқылы хабарласуға болады.