1. О библиотеке
  2. Публикации в прессе
  3. Зиятханұлы Қ. Көктем – жыр арқауы // Алдаспан.- 2014.- 20 наурыз

Зиятханұлы Қ. Көктем – жыр арқауы // Алдаспан.- 2014.- 20 наурыз

PDF Басып шығару E-mail

Көктем – жыр арқауы

Көктем – жыр арқауы

Өскемен қалалық орталық кітапханада тағылымдылықтың бастауы, жүректердің қылын шертіп жанның жарасын жазатын, жалпақ әлемді жалғыз ауыз сөзімен бейнелейтін өлең өлкесінің жас қаламгерлері «Көктем - көкөрім шағым...» атты поэзия кешін өткізді.

Осыдан 20 жыл бұрын қалалық кітапханада ақын Серік Ғабдоллаұлының бастамасымен құрылған «Шабыт» ақындар мектебі бүгінгі таңға дейін талай талантты қаламгердің тұсауын кесті.

Бұл шара күні кеше өмірден өткен аталмыш мектептің жетекшісі, Алтайдың ақиық ақыны Серік Ғабдоллаұлының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан мүшәйраның жалғасы ретінде ұйымдастырылды.

Кеш басында сөз алған «Шабыт» жас ақындар мектебінің жеткіншектері, Серік Ғабдоллаұлының тәрбиесін көрген шәкірттері Қызырбек Дүргінбайұлы, Жандос Аманжолұлы, Қастербек Сайлауғазыұлы, Дулат Әсембаев сынды жас қаламгерлер «Шабыт» мектебіне енді атбасын бұрған ізбасарларына бағыт-бағдар көрсетіп, жүректі тербер жырларымен бөлісті. Бір айта кететіні, бұлар республика көлеміндегі түрлі жыр додаларынан жүлделі оралып, алды кітаптарын шығарып халыққа танымал болып келе жатқан ақындар.

Ағаларынан кейін кезек алған бойларында жастықтың жалыны бар колледжге биыл ғана түскен студенттер мен мектеп қабырғасындағы оқушылар сахнаға көтеріліп, жауқазын жырларын ортаға салды. Көктем, туған жер, Отан туралы намысты өлеңдерін қадап оқыған қадамдары нық жеткіншектер тыңдармандардың көңілінен шығып, ақ батасын алды.

- Поэзия сағатының мақсаты Наурыз мерекесін ұлықтап, мемлекеттік тілді дамыту, санамыздан сағымдай сырғып, бұлдырап бара жатқан салт-дәстүрді                 насихаттау және «Шабыт» ақындар мектебі оқушыларының шығармашылығын шыңдау,- дейді қалалық орталық кітапхана қызметкері Гүлбаршын Тлегенқызы.

Марқұм Серік ағадай адуынды ақынның аты поэзия әлемінде асқақтатып тұра беретіні ақиқат. Бұл сөзімізге дәлел, оның жолын қуған ұрпақтары, шәкірттері, өнерін насихаттап келеді. Осы жолы да Серік Ғабдоллаулының салған сара жолына лайықты ұстаймын деп тырысып жүрген шәкірттерінің баршылығына шүкір дедік.

Поэзияға құлаш ұрып, өлең өлкесіне қадам басқан әр жастың талабына куә болдық. Еркелеп аққан асау Ертіске қарап отырып, жырға сусындаған кеш қонақтарының құлақ құрышы бір қанды.

 

Құмар Зиятханұлы

 


Яндекс.Метрика