1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Журавлева Мария Михайловна

Журавлева Мария Михайловна, 1939-жылы туған. М. М Журавлева қалалық бұқаралық кітапханаларда 20 жылға жуық жұмыс істеді. Ең алғаш 1964-жылы, қазан айында №7 (Красина к.) қалалық бұқаралық кітапханада  кітапханашылық қызметін бастаған болатын. 
Ал, 1971-жылы мамыр айында декреттік демалыстан шыққан соң № 7 қалалық балалар кітапханасына ауысады. 
1974-жылы М. М. Журавлева мәдениет бөлімінен жұмыстан шығып, қызметін облыстық А. С. Пушкин кітапханасында жалғастырады. Кейіннен АСС тресінің саяси білім ағарту кабинеті кітапханасына ауыстырылады. 
Кейіннен бұл кабинет таратылып, 1990-жылы Орталық қалалық кітапханаға қайта оралып, оқу залының меңгерушісі болып қызметін жалғастырады. Ал, 1994-жылы осы кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгеруші болса, бөлім қайта құрылғаннан кейін, яғни 1996-жылы қайта оқу залының меңгерушісі болып тағайындалады. Осы қызметінде құрметті зейнеткерлікке шығады. Еңбектегі осынау жүріп өткен жолдарының бәрі жемісті, жеңісті жан оқырмандар мен әріптестерінің арасында бедел мен абыройға ие болды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де (1993 ж.) Марина Михайловна Орталық қалалық кітапханада 2001-жылға дейін  жұмыстан қол үзбеді. Ал, кейіннен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Өз мамандығына адал да абыройлы болған жанның өңірінде бұл күні «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды.

Захарова Татьяна Борисовна

Захарова Татьяна Борисовна, 1951-жылы туған. 1996-жылы ҮМЗ-ның П.Бажов атындағы кәсіподақ кітапханасы  ОКЖ-нің құрамына кіргізілген кезде Орталық қалалық кітапханаға қызметке қабылданды. Одан кейін, №2 кітапхана-бөлімшесіне ауыстырылды. Жылға жуық № 4 кітапхана-бөлімшесінде қызмет етіп, кейіннен зейнеткерлікке шыққанға дейін №3 бөлімшенің өлкетану бөлімінде жұмыс істеді. Қызмет көрсету бөлімінде қызмет істеп жүрген кезінде Татьяна Григорьевна өзінің оқырмандары туралы, олардың қызығушылықтары мен сұраныстары жайлы жақсы білді. Аға буын оқырмандарға аса құрметпен қарады. Ұйымдастырушылық қасиеті жоғары кітапханашы түрлі шараларды қауым үшін қызықты, мәнді болатындай етіп ұйымдастыра білді. Әрбір шараға оқырман үшін қызықты тұлғаларды, ақын, жазушыларды, қала өміріне елеулі үлес қосқан  адамдарды шақырды. Өлке әдебиетін насихаттауға да ерекше көңіл бөлді. Қай жерде жұмыс істесе де мүддесі мен қызығушылықтары ортақ  адамдардың басын қосып, түрлі клубтар құрды. Мәселен, №2 кітапхана-бөлімшесінде құрған «У самовара» клубы оқырмандар арасында айырықша танымал болды. Ал, №4 бөлімшеде «Лик» әдеби-зерттеу клубы өлке тарихы мен әдебиетін сүйетін және оқып, білуге ықыласты адамдардың басын қосса, өлкетану бөлімі жанынан «Очаг» әдеби-өлкетану клубын құрды. Бұл клуб негізінен қаланың дамуына үлес қосқан адамдармен, ақын, жазушылармен және қаланың шығармашыл жас зиялы буын өкілдерімен жиі кездесулер, басқосулар өткізді. Оқырмандар мұндай шараларға аса ықылас, ынтамен қатысты. Татьяна Борисовна осындай шығармашыл істері көптің есінде қалғаны анық. Ол 2013-жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.

Құсманова Бақытжамал

Құсманова Бақытжамал, 1952-жылы туған.1976-жылы қыркүйекте қалалық мәдениет бөлімінің №1 қалалық кітапханасында (орталық қалалық кітапхана) еңбек жолын бастады.  
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылған соң бірыңғай кітап қорын ұйымдастыру және пайдалану бөліміне ауыстырылды. Осы қызмет барысында  Орталық кітапханалар мен кітапхана-бөлімшелерінің кітап қорларын сақтау және насихаттау жұмыстарына Бақытжамал айырықша үлес қосты. Кітапханалар арасында кітап бөлу, оқырмандардың сұраныстарын қанағаттандыру, уақыты жетіп, тозған кітаптарды кітап қорынан шығару сияқты машақатты жұмыстарға қаншама күш-қуат, шыдамдылық кеткенін кітапханашының өзі ғана түсінеді. Кейін бұл бөлім қысқартылған соң Бақытжамал Құсманова жинақтау бөліміне ауысты. Біраз жылдар осы бөлімнің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Оның кітап қорларын ұйымдастыру және сақтау мәселелері бойынша ОКЖ-дегі білікті, жетекші маман екендігін баса атап өткен жөн. Сондықтан кітапты айналымнан шығару жөніндегі комиссияның тұрақты мүшесі болды. «Әрбір кітап құнды» деген қағиданы баса ұстанған Бақытжамал қордағы Отандық және әлемдік деңгейдегі әдебиеттердің сақталуына асқан жауапкершілікпен қарады. Сонымен бірге, кітап қорларын орналастыру,құжаттар есебін жүргізу, каталогтарды ұйымдастыру жұмыстарында да Бақытжамалдың қосқан үлесі орасан. Атқарған қоғамдық жұмыстары да қомақты. Бірталай жылдар бойы қалалық әкімдік жанынан құрылған жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі комиссияда, 10 жылдан аса ОКЖ кәсіподақ комитетінде жұмыс істеді. 2011-жылдан бері жүйенің ардагерлер ұйымын басқарып келеді. Бақытжамал Құсманованың кітапханалардың дамуына қосқан үлесі толайым және алда қосары да сүбелі болады деп сенеміз.

Казимирская Людмила Алексеевна

Казимирская Людмила Алексеевна, 1940-жылы туған. 1987-жылдан 1993-жылға дейінгі аралықта директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет істеді. Әрине, шаруашылық жұмыстарында  шешу керек жауапты мәселелер өте көп болатыны белгілі. Кітапханаларға кеңселік және шаруашылық заттар сатып алу, пешпен жылытылатын кітапханаларға қысқы отын дайындау, мекеме, ұйымдармен түрлі келісімшарттар жасау, көліктерді жөндеуден өткізу, өрт қауіпсіздігі мәселелері мен ағымдағы және күрделі жөндеу мәселелерін шешу... Міне осылардың бәрін атқарып, орындау үшін біліктілікпен бірге жан-жақты сауаттылық, шыдамдылық аса қажет екені белгілі. Әрине, бұл мәселелерді шешу үшін қаржы мәселесін реттеу қажет. Ал, ол кездерде бюджеттен бөлінетін қаржы мардымсыз болғандықтан кітапханалардық материалдық-техникалық жағдайы тым жүдеу болды. Міне, осы жұтаңдықтың орынын толтыру Людмила Алексеевнаның міндеті болатын. Анайы мінезден ада, зиялы, салиқалы жан осы қасиеттерімен бірге біліктілігінің арқасында әркіммен түсінісе және түсіндіре білді. Әрине, өтініші аяқсыз қалып, меселі қайтатын кездер болды. Бірақ, оған мойымай, кітапхана ісі, қалың қауым үшін қайратын жігерге жаныды. Сөйтіп, мәселелерді шешуге қол жеткізді. Кітапханалардың дамуы жолында Л. Казимирскаяның да өзіндік ізі бар.

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.