1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Бердалина Күлбану Нұрғазықызы

Бердалина Күлбану Нұрғазықызы, 1936-жылы туған. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 1981-жылдан бастап қызмет етті. Қаланың ЖМК шағын ауданында орналасқан кітапхананың өз ғимараты болмағандықтан тұрғын үйдің шағын ғана үш бөлмесінде орналасты. Жыл өткен сайын өркендеп келе жатқан шағын ауданнан жеке кітапхана ғимараты жобасын қалалық билік сан рет ұсынған еді. Өкінішке қарай, ол құрылыс аяқталған соң басқа мекемелер иемденіп кетіп отырды. Алайда, аядай жерде болса да кітапхана қызметкерлері оқырмандар үшін аянып қалмай, тынымсыз қызмет етті. Соның нәтижесінде, тұрғындар мұнда тынбай келетін болды. 
Шағын аудандағы тұрғындардың дені ол кезде қалалық сүт зауыты мен жібек маталар комбинатының мамандары және оқушылар мен жас еңбеккерлер болатын. Бұл жас буынға кітапхана айырықша көңіл бөлді. 
Кәсіпорындарда кітап беру бөлімдерін ұйымдастырып, «Надежда», «Юность» жатақханаларында бұқаралық шаралар жиі өткізіліп тұрды. Ал, қалалық сүт зауыты жатаханасында «Замандас» («Современник») клубы жұмыс істеді. Бұл шаралар мен клуб жұмыстарына кітапхана ұжымы белсенді қатысты.
Күлбану Нұрғалиқызы жетекшілік еткен ұжым ОКЖ кітапханаларының арасында өткен жарыстарда жүлделі жетістіктерге жетіп, қашанда ерекше еңбектерімен дараланып көрінді.
Осындай жеңісті жұмыстары үшін К. Н. Бердалина қалалық мәдениет бөлімінің алғыс қағаздарымен және мақтау грамоталарымен сан мәрте марапатталды.

Бугаева Валентина Сергеевна

Бугаева Валентина Сергеевна, 1934-жылы туған. 1953-жылы кітапхана техникумын  бітірген жас маман Аблакеттегі өндірістік орталық кітапханаға (№ 6 кітапхана-бөлімшесі) қызметке жіберіледі. Сөйтіп, осы келгеннен ешқайда табан аудармай тұрақты қызмет етті. Кітапхана жұмысы бүкіл өмірінің мәніне айналды десекте артық айтпағандық болар еді. Өз ісіне жан-тәнімен берілген, күш-қуаты жалындаған жас қызметкер ескі үйде орналасқан қоңыртөбел кітапхананы нағыз қайнаған қызықтар ортасына айналдырды. Көпшілік шаралар ұдайы өткізіліп тұрды. Түрлі тақырыптарға арналған әңгімелесулер, шолулар, ауызша журналдар, әдеби кештер және оқырмандардың алқалы жиындары шағын ауданның жұртшылығы асыға күтіп, қуана келетін шараларға айналды. Сонымен бірге, Журналистер Одағының мүшесі ақын, әнші Ф.М.Карбушев жетекшілік еткен әдеби үйірменің жұмысы да белсенді жүргізілді. Соның нәтижесінде кітапхана оқырмандары  танымал ақын, жазушылармен жиі жүздесіп отырды. 
1965-жылы кітапхана «Үздік жұмыстар кітапханасы» атағына ие болды. Келешекте де кітапхана қызметі осы атау үддесінен көріне білді.
Сонымен бірге, «Үздік тәжірибелер мектебі» деп аталған жас кітапханашыларға арналған мектеп өз қызметін бірталай жылдар бойы жалғастырды.   
Апаттық жағдайдағы кітапхана үйі кейіннен сүріліп, кітапхана «Востокоблсельстрой» басқармасының ғимаратына уақытша орналастырылды. Бұл өзгеріс  кітапхана ісін көп әуре-сарсаңға түсірді. Кітапхананы жайлы бір орынға жайғастыру жолында Валентина Сергеевна қаншама күш-жігерін жұмсағанымен мақсатына жете алмады. Әйтседе, зейнеткерлікке шыққанға дейін ынта-ықыласымен жұмысын жалғастырып, жұртшылықты кітапханаға жаппай жұмылдыра білді. Қалтқысыз қызметінің нәтижесінде қалың қауымның, яғни бірнеше буын ұрпақтың құрмет, қошеметіне бөленді. Абыройлы еңбегі ақталып, Өскемен қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды. Көптеген мақтау қағаздары мен «Еңбек ардагері» медалы осы абыройлы қызметтерінің айғағы. Зейнеткерлікке шықса да біраз жылдар бойы Орталық кітапханада кәсіби қызметінен қол үзбеген Валентна Сергеевнаны бүгінгі буын кітапханашылық қызметіне адал болған маман ретінде құрметтейді.

Горбачева Нелли Романовна

Горбачева Нелли Романовна, 1937-жылы туған. 1970-жылы № 2 қалалық балалар кітапханасына жұмысқа орналасады. Ал, 1972-жылы Л. К Красовская меңгерушілік ететін № 7 балалар кітапханасына ауысады. Екі білгір маманның кәсіби және өмірдегі достастықтары нағыз жемісті еңбектің дәнекері болады. Ешқандай қиындыққа мойынұсынбайтын екі кітапханашының жұмыла атқарған жемісті қызметіне әркімде қызығатын, сүйсінетін.  
Орталықтандырылған балалар кітапханалары жүйесі құрылған соң Нелли Романовна және Красовскоя Лия Казимировна Орталық балалар кітапханасының бірыңғай кітап қорын сақтау және ұйымдастыру бөліміне ауыстырылады. Екі кітапхана жүйесі біріктірілгенде және зейнеткерлікке шыққанға (1993-ж) дейін Орталық қалалық кітапхананың жинақтау бөлімінде қызмет етті. 
Ұзақ жылдар қалтқысыз қызмет еткені үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Жакижанова Зейнеп

Жакижанова Зейнеп, 1947-жылы туған. 1986-жылы қаңтар айында №2, 3 балалар кітапхана-бөлімшесінде кітапханашылық қызметін бастады. Ал, 1990-жылдың қаңтарында өзі тұратын Жібек маталар комбианты шағын ауданындағы № 22 балалар кітапхана-бөлімшесіне ауыстырылды. 1995-жылдың мамыр айынан бастап осы кітапхананың меңгерушісі болып тағайындалды. 
Бұл балалар кітапханасы да ересектерге арналған № 1 кітапхана-бөлімшесі сияқты бірталай жылдар бойы № 33 орта мектебі ғимаратында орналасты. Одан кейін балалар үйінде, ал кейіннен «Юнга» балалар клубының екі бөлмесін иемденді. Әрине, бұл бөлмелер тым қолайсыз болды. Кітаптарды орналастыру, ескілерін тізімнен шығару, каталогтар мен картотектерді жасау сияқты жұмыстарды оңтайлы орындау үшін талмай ізденді. Айналып жүруге келмейтін тар бөлмелерде түрлі шаралар өткізу де мүмкін емес еді. Алайда, Зейнеп бұл мәселені де шешті. Аула клубтарының жетекшілерімен, көршілес орта мектептердің басшылығымен тіл табысып, шараларды бірлесе өткізетін болды. Осылайша, өзінің ізденімпаздығы мен талмай-тынбай еткен еңбегінің нәтижесінде кітапхана әрқашанда озық кітапханалардың қатарынан көрінді.

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.