1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


«Өскемен орталық қалалық кітапханасына 50 жыл”

«Өскемен орталық қалалық кітапханасына 50 жыл”
Ларина Валентина Ивановна, Орталық қалалық кітапхана директорының орынбасары.
Өскемен қаласы. Кітапхана әлемі.-2005.-№1 (9)

Өскемен қаласындағы Орталық қалалық кітапхана  желтоқсан айында 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұқаралық ақпаратар бұл мереке жайлы жұршылықты кеңінен ақпараттандырды.  Жалпы орталық кітапхананың тарихын арыдан қозғайтын болсақ, 1954-жылы  қызметін бастап,   №1 қалалық кітапхана аталды. Оған дейін облыс орталығында  Пушкин атындағы облыстық кітапхана мен 2 балалар кітапханасы және  қаланың әр ауданында орналасқан 3 кітапхана болды. Уақыт өткен сайын  Өскемен өркендеп, жаңа көшелер, шағын аудандар пайда болды. Орта мектептердің, орта арнайы және жоғары оқу орындарының да қатары көбейе бастады. Әрине, бұл даму үдерісімен бірге қалада адамдар саны да көбейетіні белгілі.  Жедел түрде өркендеген өндірісті қаланың әлеуетін одан ары арттыру үшін сауатты құрылысшылар, металлургтер, энергетиктердің санын да арттыру қажеттілігі туындады. Бұл жағдайда орталықтағы Пушкин атындағы кітапхананың қалың бұқараға қызмет көрсетіп, сұраныстарын қанағаттандыруы да қиындай бастады. Бұл мәселені шешу үшін тағы бір кітапхана ашу қажет болды. Сөйтіп, тұрғын үйдің 1-қабатынан 180 шаршы метр  орынжайдан тағы бір кітапхана ашылып, азғана уақыттың ішінде белсенді қызметімен жұртшылықтың сүйікті орынына айналды. Қала тұрғындары  бұл кітапханадан өздеріне қажетті кітаптарын алуға мүмкіндік туды.  Сондай-ақ, дос-жарандарымен кездесіп, түрлі тақырыптардағы шараларға қатысты. Осылайша, бұл кітапхана көпшіліктің түсінік-танымдарын, білімдерін  дамытумен бірге, уақыттарын да тиімді өткізетін орынға айналды.  Бұқаралық кітапханалардың міндеті жұртшылықты қажетті кітаптармен қамтамасыз етіп, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттерді насихаттау, жас ұрпақты  Отанды  сүюге  тәрбиелеп, жан-жақты дамыту  болды. 
Ол жылдары халықты кітап оқумен қамтамасыз үшін барлық жағдайлар жасалды. Мәселен, қажет кітаптар адамдардың  жұмыс орынына, оқу орынына, тұратын жеріне апарып берілді. Мектептерде, кәсіпорындар мен ұйым, мекемелерде кітап беру бөлімдері ашылды. Оқу алқалы жиындары, ауызша журналдар, кітаптарды талдау, дауыстап оқу, әңгімелесу  сияқты шаралар  ел арасында кеңінен танылды. Кітапханаларда кітап көрмелері жиі ұйымдастырылп, плакаттар шығарылып тұрды. Сол жылдардағы есептерді оқып отырып  кітапханалардың  қоғамда орасан зор маңыз атқарғанын білуге болады. Мәселен, кезекті Партия сьездерінің КОКП ОК пленумдарының, ССРО Жоғары Кеңесінің шешімдерін насихаттау бойынша кітапханалар идеологиялық мекемелер секілді саяси жұмыстарды да орындады.
1974-жылы КОКП ОК « Еңбеккерлерге коммунистік және ғылыми-тәрбие беруде кітапханалардың маңызын арттыру туралы» қаулы қабылдады. Бұл 1980-жылдың аяғына дейін қаралған мемлекеттік бұқаралық кітапханаларды орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне біріктіру туралы мақсаттың шешімі  деуге болады. Бұл уақытта облыс орталығында қалалық мәдениет бөліміне қарасты 18 бұқаралық кітапхана және 9 балалар кітапханасы бар болатын. Бұл кітапханаларды орталықтандыру 1980-жылдың соңына дейін жалғасты.
Алдымен қалалық мәдениет бөліміне қарасты екі жаңа құрылым пайда болды. Олар: орталықтандырылған  бұқаралық кітапханалар жүйесі және орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесі. Орталық қалалық кітапхана   № 1 қалалық кітапхананың негізінде құрылды. Ол кезде №1 қалалық кітапхана мәдениет бөліміне қарасты басқа кітапханалардың орталығы болып ресми түрде саналмайтын еді. Штатында әдіскер мен библиограф қана жұмыс істеді. Ал, 1985-жылы орталық қалалық, орталық балалар кітапханасы және 25 кітапхана-бөлімшелері бірігіп Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі болып құралды. Жылдар  өте жүйенің құрамы тағы да 6 кітапханаға толықты.
1990-жылдар кітапхана қызметкерлерінің жадында  ең «жұтаң жылдар» ретінде сақталып қалды деуге болады. Кеңес Одағы тарап, Азаттыққа қол жеткізген еліміз  бары мен жоғын түгендеп болғанша көптеген қиындықтарды бастан өткізді. Соның бірі «оңтайландыру науқанында 33 кітапханадан небәрі 12 кітапхана ғана қалып, көптеген қызметкерлер қысқартуға ұшырады. Кітапханаларды дамытуға бюджет қорынан  қаржы бөлінбеді. Жалақы кешіктіріліп беріліп,  коммуналдық  ақылар жартылай ғана төленді. 
Орталық кітапхана басшылығы бұл «тар жол, тайғақ кешуден» қайткен жағдайда да кітапханаларды аман алып шығудың жолын қарастырудан талмады. Дәл сол кезде ақылы қызмет түрлері енгізіліп, «Кітапханаға көмектес» акциясы ауқымында демеушілердің жәрдеміне жүгінуге тура келді. «Оңтайландыру» науқаны кітапханалармен бірге клуб мекемелеріне де өз «салқынын» тигізді. Мәдениет үйлері, кинотеатрлар, аула клубтары бірінен соң бірі жабыла бастады. Көптеген көңіл көтеру кештері ақылы болғандықтан  жұртшылықтың дені  үшін «қолжетімсіз» болды. Дәл осы кезеңде ОҚК клуб қызметтерінің жартысын ұйымдастыруды өз міндеттеріне алды. Міне, дәл осы шаралар кітапханалардың беделі мен танымалдылығын арттырып, қиындықтан шығуға дәнекер болды. Қала тұрғындары енді кітапханаға тек қана кітап пен газет алып, оқу үшін ғана емес, бұқаралық шараларға қатысу үшін  де баратын болды. Кітапханада қызығушылықтары мен мүдделері бір адамдарға арналған клубтар, шығармашылық бірлестіктер ашылып, фестивальдер, кітаптарды, суреттерді таныстыру, шығармашылық адамдарымен кездесу, бенефистер, өнер кештері сияқты  шаралар да көптеп жүзеге асырыла бастады. Жастармен бірге жасамыс адамдар да «Родник» әдеби клубына, «Танго» би ретроклубына, «Свеча» поэзия клубына ықыласпен келетін болды. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Гнездышко» клубы да ашылды.  
Мүмкіндігі шектеулі балалармен және зейнеткерлермен жұмыс істеу 1990-жылдарда ОҚК ең басым бағыттарының бірі болды. Осындай белсенді қарым-қатынастың нәтижесінде тамаша тәжірибе жинақтаған кітапхана қызметкерлері 1998-1999-жылдары « Мүмкіндігі шектеулі жндарға кітапхана қызметін көрсетудің жаңа әдістері» және « Мүмкіндігі шектеулі  жандарға арнап Орталық қалалық кітапхана негізінде ақпараттық-мәдени және бос уақытты тиімді өткізу орталығын құру» атты тұңғыш  жобаларын жазды. Бұл жобаларды «Сорос-Қазақстан» қоры мен «Ашық қоғам» институты  (Будапешт қаласы) қолдады. Осылайша алған грантарына кітапханаға алғаш рет компьютерлер, принтерлер, ксерокстар және музыкалық орталық сатып алынды. Сөйтіп, кітапханада жаңа технологияны игеріп, пайдалану кезеңі  басталды. 
Осындай жетістіктермен шабыттанған ОҚК қызметкерлері енді «Кітәпхана және мейірімділік», «Орталық қалалық кітапхананы автоматтандыру» сияқты жаңа мақсатты бағдарламалар дайындады. Бұл бағдарламаны қалалық әкімдік оң қабылдап, маслихат қаржыландырды.
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2000-жылды «Мәдениет жылы «деп жариялауы кітапханалардың жұмысына жаңаша қарқын берді. Осы жылы ОКЖ-не 2 миллионнан аса қаржы бөлінді. Осылайша, кітапханаларға жөндеу жүргізіп, компьютер техникаларын сатып алуға мүмкіндік туды. 2001-жылы автоматтандыру бағдарламасы аясында  ОҚК  5 орынды Интернет-сынып ашылды. Кітапханаларды дамыту мақсатында жаңа ақпараттық технологияны енгізу кезеңі басталды. 
Бүгінгі таңда ОҚК қорында 83 мыңға жуық  бірлік сақтаулы. Олардың ішінде мерзімдік басылымдар, компакт-дискілер, CD-ROM-дар, бейнекассеталар бар. Кітап қорлары қазақ,орыс, ағылшын және басқа да тілдердегі әдебиеттермен толықтырылуда. Кітапханаға жыл сайын 11 мыңнан аса адам келіп,  электрондық каталог, «Заңгер» анықтамалық-құқықтық , ағылшын тіліндегі толық мәтінді EBSCO қорларын, Интернет-сыныпты пайдаланады. Кітапхана қызмет көрсету түрлерін жыл сайын кеңейтіп отырады.
2002-жылы кітапхана   интернетте « ЦБС-online» (www.cls.freenet.kz.) деп аталған өз сайтын орыс тілінде ашты. Ал, 2003-жылы қазақ және ағылшын тілдерінде ашылды. 2002-жылы ОКЖ еліміздегі ең біріншілердің бірі болып Қазақстан кітапханашыларының консорциумына кірді. Осылайша  еліміздің қалаларында және шетелдерде қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік туды. 2003-жылы кітапхана аймақтық ақпараттық корпоративтік жүйе құрамына кірді. Бұл құрамға бұған дейін облысымыздың 6 кітапханасы қабылданған болатын.
Орталық кітапханамен бірге 4 бөлімше компьютерлендірілген және Интернетке кіре алады. Сондай-ақ, мерзімдік басылымдарға жазылу бойынша кітапханаішілік корпоративтік жүйе де құрылды.  Бұл шаралардың барлығы адамдарды кітапханалық-ақпараттық қызметпен қамтамасыз етуді жақсарту, ыңғайлы жағдай тудыру  үшін жасалған.
ОКЖ-де қызметкерлерді кәсіби  жетілдіру  үшін де барлық жағдайлар қарастырылады. ОКЖ-нің өз ішінде кәсіби жетілдірумен бірге қызметкерлер   семинар-тренингтерге, алқалы жиындарға және Республика көлеміндегі үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар өткізген  басқа да  шараларға қатысуға жіберіліп отырады. Соңғы екі жыл ішінде қызметкерлер Ресейде, Қырғыз елінде, Түркияда, Финляндияда, Швецияда өткен халақаралық семинарлар мен алқалы жиындарға қатысты. Бұл орайда кітапхана жанынан құрылған «Кітапқұмар» қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан кітапханаларының ақпараттық консорциумының ықпалы ерекше болды. 
Тағы бір маңызды бағыт туралы айта кеткен  абзал. Жүйенің ОҚК  мен кітапханаларының қызметі дегеніміз жобалық жоспарлау жұмыстары. Мәселен, осындай жұмыстардың нәтижесінде 2004-жылы   ОКЖ-нің кітапханалары 8175 АҚШ долларының 5 грантын ұтып алды. 
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Өскеменде өткен « Кітапхана-Астана-2004» шарасы аясында ОКЖ республикамыздың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорларын қабылдады. Басқосу барысында кітапхана басшылары  Қазақстан кітапханаларын дамыту бағытындағы мәселелерді ортаға салып,  өзара тәжірибе алмасты. 
Осы жолы басқосуға қатысқан басшылар бірауыздан ОҚК өз бағытын тапқан, жемісті жетістігі бар үздік кітапханалар қатарында екенін ерекше атап өтті.  Әрине, мұндай жақсы баға әрбір кітапхана  қызметкері үшін жаңа жігер, жан желпінісі. Осындай  жақсы  жетістіктерге  жету үшін кітапхана 50 жыл бойы оқырманға адал да ізденісті қызметтерін арнап келеді.
Әңгімеміздің тобықтай түйінінде кітапхананың осындай жетістіктерге жетуі жолында өзіндік үлестерін қосқан әріптестеріміздің атын атай кеткеніміз  де абзал болар. Олар:  Телеграфова С. И,  Иванова Л. Т,
Красовская Л. К,  Горбачева Н. Р, Журавлева М. М, Жаркевич В. И, 
Ларина В. И, Қожаханова С. Ш. 
Сондай-ақ, бүгінгі таңда да  кітапханалардың қызметін дамытуда ерік-жігерлерімен  ізденісті, жаңашыл бағытта  қызмет етіп жүрген Букобаева А. А, Бельчуевская Г. В,  Аралова Н. В, Миронова Л. Г,  Құсманова Б,  Косицына Л. Б, Жекенева М. Н, Татенова К. Е және басқалардың халыққа қызмет ету жолындағы еңбектеріне  табыс тілейміз

 

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.