1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>

Английский язык

 

Ересектерге және балаларға ағылшын тілін үйрету:
- ағылшын тілін үйренуді  жаңа бастағандар үшін;
- үй тапсырмаларын орындауға көмектесу.
Ағылшын тілін жыл бойы үйренуден жалықтыңыз ба? Олай болса, бізге келіңіз!
Біздің мекенжайымыз:
Славский атындағы Ертіс жағалауы, 22.
Анықтама телефоны: 25-17-70.
Телефон бойынша жазылу: +7(708)1064381.

Қорларында құжаттарды электрондық...

Біздің кітапханалар қорларында құжаттарды электрондық жеткізу қызметі бар. Сізге қажетті мәліметтің (кітапты, газеттердегі, журналдардағы) көшірмесін жедел түрде жеткізіп беру қызметін ұсынады. Тапсырыс беріңіз, біз қуана орындаймыз! Тапсырыстың орындалу мерзімі 24 сағаттан 48 сағатқа дейін. Үлгісі - PDF (Acrobat). Көшірме электрондық пошта арқылы жіберіледі.
Орталық қалалық кітапхананың Электрондық қорлар бөлімі. 
Е. П. Славский атындағы Ертіс жағалауы көшесі, 22.
Телефон бойынша жазылу: 25-17-70.

Одна страна – одна книга


«Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы комиссия мүшелерінің шешімімен «Жыл кітабы - 2017» таңдауына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу ұсынылды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров - ақын-демократ, пәлсапашы, әдеби сыншы, публицист, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі.

«РЖЭК» МҚ

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының біліми және ғылыми электрондық қорларын біріктірген Республикалық жоғары оқу орындарыаралық электрондық кітапхананы 2017 жылдан бастап тегін пайдалануға  мүмкіндік туды.
Жоғары оқу орындары аралық электрондық қорлар сайтынан қалағандарыңызды авторы, тақырыбы, маңызды сөзі, оқу тәртібі және басқа да іздеу белгілері арқылы таба аласыздар. Ақпараттар мемлекеттік және орыс тілінде ұсынылады.
Бұл мәліметтер қорын Орталық қалалық кітапхананың және  кітапхана-бөлімшелерінің компьютерлерінде ғана пайдалана аласыздар.

0123


Қала кітапханалары: тарих парақтарында

Кітапхана кез-келген мемлекеттің мәдени-саяси дамуында айырықша маңыз атқаратын сала деуге болады. Бұл орайда «Кітапхана-мәдениеттегі басты  қажеттіліктің бірі. Егер университеттер, институттар, ғылыми мекемелер жоқ болса ештеңе ете қоймайды, есесіне кітапханалар бар болса жеткілікті. Ең бастысы, ол кітапханалар заманауи техникамен жабдықталған  ғимаратта орналасып, кәсіби мамандармен қамтамасыз етілсе болды. Озық үлгідегі кітапханасы бар елдің мәдениеті ешқашан өлмейді»-деген екен академик Дмитрий Лихачев.
1896-жылы  Өскеменде жалпы бұқараға арналған арнайы кітапхана болған жоқ. Оқырмандарға  мектеп кітапханалары қызмет көрсетті. Мұрағат мәліметтеріне жүгінсек ( ГАВКО, № 50 қор. № 1 тізімі. № 43 іс. –Л. № 6) 1891-жылдың соңына қарай Өскемендегі мектеп кітапханаларының кітап қоры небәрі 1014 том кітап (685 атаулы) қана болыпты. Ал, Семей облысының халқы  сол кезде жер аударылып келіп,  зиялы қауымның бір бөлігін құраған оқымыстылардан  кітап алып оқу мүмкіндіктеріне ие болған.
1896-жылы Өскемендегі қалалық қоғамдық басқарма ғимараты тегін халықтық кітапхана болып жабдықталды. Сондай-ақ, ақылы кітапхана жайлы: «Жақында ақылы қоғамдық кітапхана да  ашылды.  Әзірге кітап  аз. Өйткені, бұл әлі істің басы ғана ...»- деп жазды сол кезде. Қорда негізінен жер аударылып келген саясаткерлердің берген кітаптары болды. Кітапхананың алғашқы сақтаушысы  Петр Филипұлы Столбов. (Алексеенко Н.В. Шығыс Қазақстанның тарихи құжаттары мен материалдары. Ч.1 Өткен кезеңдерден 1917-жылға дейін. -156 б. Өскемен.-Медиа-альянс.-2006 ж). 1902-жылы  халықтың тікелей демеушілік қолдауымен  Халықтар үйі (қазіргі облыстық Жамбыл драма театрының ғимараты) салынып, кітапханалар сол  ғимаратқа көшірілді.  
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары еңбеккерлердің  саяси және мәдени таным-түсінігін кеңейту мақсатында кітапханалардың жұмысына баса маңыз берілді. Білім көзі саналатын кітаптардың қолжетімді болуына да  ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанда революцияға дейін  139 кітапхана болса, олардың жалпы  қоры 98 мың кітапқа жетті. Өкінішке қарай, азамат соғысы кезінде бұл көрсеткіш қайта азайып кетті. 1921-жылдың сәуір айында Қазақстан өкіметі кітапхана ісін орталықтандыру және кітапхана коллекторын  құру туралы декрет қабылдайды. Алайда, бұл орайдағы  ағарту жұмыстарында  бірқатар қиыншылықтар кездеседі. Өйткені, ол кезде кітапхана ісі бойынша мамандар жоқтың қасы еді. Кітаптарды насихаттайтын мәдени күш те жетіспеді. Қоғамдық-саяси әдебиеттер жеткіліксіз, әрі жаңа кітаптарда да сирек түсетін еді. 
Мәдени-ағарту мекемелері үшін мамандар мен ғимараттар, басқа да қажеттіліктер жетіспей жатқандығына қарамастан ауылдық жерлерде клуб пен кітапхана жұмыстарының міндеттерін атқаратын мекемелер құру туралы шешім қабылданды. Мұндай мекемелер «оқу үйлері» деп аталды. Мәліметтерге жүгінсек В.И.Ленин мен Н.К.Крупская бұл туралы: «Кітапханалармен бірге оқу үйлері де көпшілікті саяси тәрбиелеу бағытында  ұзақ уақыт қызмет ететін  жалғыз орын. Онда жұмыс істеу өте қызықтылығымен бірге аса жауапты» -деп атап көрсетті.
Ал, РКП-ның XI съезі: «Бұл оқу үйлері еліміздегі саяси жағдайды шаруаларға  жеткізіп отыратын дұрыс және жүйелі орталық болу керек»  деп атап көрсетті. Бірте-бірте бұл оқу үйлері ағарту жұмысының басты жетекшілеріне айналды. Қазақстандағы болыстық  кітапханалардың көпшілігі  қызметіне ауылдағы оқу үйлері  жетекшілік ететін болыстық  оқу үйлеріне тапсырылды. Оқу үйлері көбінесе қожайындарының, немесе басқа да ауыл тұрғындарының үйлерінде орналасты. Олар ағарту жұмыстарының ошағы, ауыл коммунистерінің мінбесі, саяси ақпараттардың орталығы болды. «Өткен кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі Қазақ ССРО тарихы. 5 томдық, 4 томы-Алматы.-Ғылым.-1977.-453 б)
Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, экономикасын дамытумен бірге мәдениет мәселелеріне де айырықша назар аударылды. Қалалық кеңестің 1932-34 жылдарға жасаған  жиынтық есебінде ағарту мекемелеріндегі жетіспеушілік былай деп жете көрсетілген: «Қаладағы мәдени-ағарту мекемелеріндегі жетіспеушілік аса сезіледі. Бүкіл қалада бір ғана қалалық кітапхана бар. Жалғыз кітапхана қала халқына тиісті деңгейде қызмет көрсете алмайтыны анық. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін мардымсыз қаржы кітапхананы ұстап тұруға тіпті де жетпейтіні белгілі. Өлке бюджетін бекіткен кезде осы бөлінетін азғана қаржының өзін жыл сайын қысқартып тастайды.»                      
Мәселен: 1932- жылы  кітапханаларға 10 700 сом қаржы бөлінген.
Ал, 1933 жылы – 8 000 сом бөлінсе, 1934- жылы – 7 000 сом болып жыл өткен сайын бөлінген қаржы мөлшері азая берген.
Айта кетерлік жәйт, осы қаржыларды әдебиеттерді жаздырып алуға, кітапхана штатын ұстауға, ғимараттарды жөндеуден өткізуге және басқа да қажеттіліктерге жеткізу оңай болмады. Оның үстіне  кітаптардың бағасы да 300-400 пайызға  өскенін есепке алсаңыз, бөлінген қаржы тіпті жетімсіз еді. Мұндай қиындықтармен кітап қорын көбейткенді былай қойып, өткен жылғы деңгейде сақтап қалудың өзі мұң болды. Осылайша, кітапхана біртіндеп шығынға бата бастады. Кітапхана жанынан ашылған  оқу үйлерінің оқырмандарға  газет, журналдар бергеннен басқа тындырған шаруалары  жоқтың қасы деуге болады. Тіпті, оқырмандардың келуі туралы есеп те жүргізілмейді.  Тағы бір айту керек жәйт, кітапхана 1933-жылдан 1934-жылға дейін кітапты оқырманға кепілдік алу арқылы берді. Кітапты пайдаланғаны үшін оқырманның айлық жалақысынан белгілі бір мөлшерде пайыз алынатын. Бұл әдіс, әрине тұрмыстық жағдайлары төмен адамдардың кітап алуларына  кедергі болды. Осылайша, кітапхананың оқырмандар саны да біртіндеп да азайып кетті. Ал, 1934-жылы кітап қоры біршама көбейді. Өйткені, тозығы жетіп, ескірген кітаптар кітапхана каталогынан алып тасталып, оның орыны толтырылды. Жалпы айту керек мәселе, Мәдени ағарту одағы сияқты  Аудандық халыққа білім беру бөлімі, тіпті Қалалық кеңестің өзі де қаладағы жалғыз кітапханаға тым немқұрайлы көзқараста, тіпті көңіл бөлуге де құлықсыз. (ГАВКО.-Қор №1.-№1 тізімдеме-№116 ІС.-Л.№49-50) 
1946-жылдың 1-ақпанындағы қалалық  ағарту мекемелерінің тізімінде облыстық кітапханамен бірге  Аблакеттағы кітапхана, № 10 зауыттың кітапханасы және қалалық балалар кітапханасы да жазылды. (ГАВКО.- Ф.№ 1. – №1. Тізім- № 230 ІС.- Л. № 6). 1946-жылғы 1-шілденің есебі бойынша Өскеменде барлығы 6 кітапхана болды. (ГАВКО.- Ф.№ 1. – № 1ТІЗІМ.- № 230 Іс.- Л. № 14). Қала кітапханаларындағы кітап қоры-17 657. Оқырмандары – 1146 (ГАВКО.- Ф.№ 1. – № 1Тізім.- № 230 ІС.- Л. № 16).
Өткен ғасырдың 50-жылдары қаладағы шағын аудандар Бабкина Мельницада, Сограда, Гаваньда және Октябрь, Красин кенттерінде де кітапханалар ашылды. Дәл осы кезеңде тұрғын үйлер  құрылысы да қарқынды жүргізіле бастады. Гоголь, Бажов (Алтайэнерго ауданы) көшелерінде екі қабатты үйлер бой көтеріп, Металлургтер мен Стаханов көшелері,  «Құрылыс алаңы», «Б» кварталы деп аталған шағын аудандар және Ленин даңғылы пайда болды. Біртіндеп орта мектептер мен жоғары оқу орындарының  саны  да арта бастады. Қаланы одан ары өсіріп-өркендету үшін сауатты металлургтер, энергетиктер, құрылысшылар қатарын көбейту қажет болды. Осылайша  жылдан-жылға өскен қала жұртшылығына Пушкин атындағы облыстық кітапхананың жалғыз өзі қызмет көрсетуі мүмкін болмады. Сондықтан, бұқараға тағы бір кітапхана ашу қажеттілігі туындады. Сөйтіп, Металлургтер көшесіндегі №13- жаңа тұрғын үйдегі көлемі 180 шаршы метр болатын орын-жайда  тағы бір кітапхана ашылды. Бұл кітапхананың ашылуы жайлы деректер мұрағат мәліметтерінде жоқ. Әйтседе, бұл кітапхананың  1954-жылы түгенделген кітаптар тізімінде алғашқы жазбалар (195- ж. 19-қаңтардағы) және тарифтік тізім сақталған екен. Тарифтік тізім бойынша кітапханада 3 адам жұмыс істегендігі көрсетілген.
Ал, 1951-жылы 10-шілдеде  Шығыс Қазақстан облыстық кеңесі еңбекші  депутаттарының атқару комитеті Өскеменде және Лениногор қалаларында балалар кітапханаларын ашу туралы шешім қабылдайды. Шешімде былай делінген:
«Шығыс Қазақстан облыстық кеңесі еңбекші депутаттарының атқару комитеті шешім қабылдайды:
1. Өскемен және Лениногор қалаларында 1951-жылдың жоспарында қаралған балалар кітапханалары ашылсын.
2. Облыстық қаржы бөліміне (Семкин жолдас) осы екі кітапхананы ашу және ұстау үшін  әрқайсысына 25 мың сомнан қаржы бөлуді қарастыру міндеттелсін. Марқакөл мен Тарбағатай аудандарының бюджетінен Өскемен және Лениногор бюджетіне қаржы аударылсын.
3. 1951-жылдың 25-шілдесіне дейін жаңадан ашылатын балалар кітапханасын лайықты ғимаратпен қамтамасыз етіп, қажетті құрал-жабдықтармен және үлгідегі штаттық кестеге сәйкес кітапхана мамандарымен қамтамасыз ету және оны атқару комитетінің мәжілісінде бекітіп, облыстық Мәдени-ағарту жұмыстары бөліміне бекітуге тапсыру Өскемен қалалық атқару комитетінің төрағасы жолдас Пармановқа және Лениногор қалалық атқару комитетінің төрағасы Вдовинге міндеттелсін». (ГАВКО. №176 қор.-№3 Тізім -№351 іс.-Л№37)
1960-70-жылдары  Мирный кентінде, әуежей, кірпіш зауыты, ЖМК және басқа да бірқатар шағын аудандарда да кітапханалар ашылды. Қала тұрғындарына кітапхана қызметі қолжетімді және барып-келу ыңғайлы болуы үшін кітапханалар бір-бірінен 1,5-2 шақырым қашықтықта орналасу керек болды. 1970-жылы 11-қарашада Шығыс Қазақстан облыстық кеңесінің атқару комитеті және кәсіподақ кеңесінің облыстық кеңесі президиумының мәжілісінде  бұқаралық кітапханалар жүйесін ретке келтіру және дамыту, облыстың қалалары  мен ауылдарында кітапхана қызметін жақсарту бағытындағы мәселелер қаралды.
Мәжіліс барысында былай деп атап өтілді: «Қала жұртшылығына кітапханалардың қызмет көрсету деңгейлерінің жақсарғаны байқалады. Тек соңғы үш жылдың ішінде ғана мемлекеттік жүйелердегі  қалалық кітапханалар оқырмандарының саны 20 мыңға көбейген. Ал, берілген кітап саны  385 мың данаға дейін артқан. Сондай-ақ, кітапхана қызметіндегі жетіспей жатқан жақтар да атап өтілді: «Облыста кітапханалар жүйесін ретке келтіру  жұмыстары  әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, жастар мен жасамыстарға  және оқушыларға  оңды  қызмет көрсету үшін барлық шаралар жасалуда. Тек бір ғана қолбайлау болып тұрған жәйт кітапханалар үшін  жайлы орынның жоқтығы. Мәселен, Өскеменнің 4 шағын ауданындағы кітапханалардың   (№5,10,11,24)  сонымен бірге,  қалалық және облыстық кітапханалардың да материалдық  жағдайы мүшкіл  халде деуге  болады.»
Еңбекші депутаттардың  облыстық кеңесі атқару комитеті және кәсіподақтардың облыстық кеңесінің президиумы қаулы қабылдайды:
«Еңбекші депутаттардың қалалық және аудандық кеңесінен кітапханалар дисклокациясына сәйкес халықты кітапхана қызметтерімен қамту бағытында бекітілген жоспарды орындау міндеттері бойынша кітапхана ашу үшін лайықты орын-жаймен қамтамасыз ету талап етілсін» (№1,1 «а» 2,3,4 қосымша). Осы мақсатта жаңадан басталатын  құрылыстардың  жобасында  тұрғын үйдің астыңғы қабаты кітапхана ашуға лайықталып  жасалсын. (№1,1 «а» 2, 3, 4)  
Осы мақсатта жаңадан басталатын  құрылыстардың  жобасында тұрғын үйдің астыңғы қабаты кітапхана ашуға лайықталып  жасалсын. (1970-жылғы  9-11 қарашада болған Еңбекші депутаттардың Шығыс Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитеті мәжілісінің №19 хаттамасынан).         
Алғашқы жылдары бұқаралық кітапханалар облыстық мәдениет басқармасына қарасты болды. Кейіннен облыс орталығында  мәдени-ағарту мекемелерінің қатары көбеюіне  байланысты 1954-жылы қалалық мәдениет бөлімі құрылды. Сөйтіп, кітапханалардың жартысы бөлімнің қарамағына қарайтын болды. Бұқаралық кітапханалар жүйесі әсіресе 1960-70  қарқынды дамыды. Қаланың барлық шағын аудандарында  кітапханалар  ашылып, орта мектептерде балалар кітапханалары  қызмет көрсете бастады. Осылайша, 1980-жылы бұқаралық кітапхана саны 18-ге, балалар кітапханасы 9-ға дейін артты. Олар: қалалық кітапхана, № 1-кітапхана (Металлургтер, 13) , № 2-кітапхана (Красин кенті ), № 3-кітапхана (Жаңа Гавань кенті), № 4-кітапхана ( Октябрь кенті),  № 5-кітапхана (Сол жағалау),  № 6-кітапхана (Аблакет кенті) № 7-кітапхана (Шмелев кенті), № 8-кітапхана (Мұнай базы кенті), № 9-кітапхана (Защита элеваторы), № -10 кітапхана ( Мирный кенті), № 11-кітапхана (әуежай),  № 12-кітапхана (Согра ст),  № 13-кітапхана (Ертіс жағалауы),  № 14-кітапханасы (Бажов көшесі),  № 15-кітапхана (Сауда орталығы ауданы), № 16-кітапхана (кірпіш зауыты ауданы),  № 17-кітапхана ( Подхоз),  № 18-кітапхана (ЖМК). Сонымен бірге, балалар кітапханалары негізінен орта мектептерде орналасты.
Кеңестер одағы кезеңінде қалалық  бұқаралық кітапханалар өздері орналасқан  аудандағы мәдени-ағарту мекемесі болып саналып, түрлі  саяси жұмыстар жүргізді. Елімізде болып жатқан саяси және мәдени оқиғалармен халықты дер кезінде ақпараттандырып отырды. Сонымен бірге адамдарды қажетті кітаптармен қамтамасыз етіп, ғылыми-танымдық  және көркем әдебиеттерді насихаттауға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, адамдарды жан-жақты дамытуға  белсенді  үлес қосу керек болды. Ұйымдар мен мекемелерде, оқу орындарында кітапхана бөлімшелері және жылжымалы кітапханалар ұйымдастырылды. Мұрағаттағы мәліметтерге  жүгіне айтсақ, сол кезде кітапханалар ұйымдастырған  оқырмандардың алқалы жиындары, кітаптарды талқылау басқосулары, ауызша журналдар, дауыстап оқу және әңгімелесу сияқты шаралар ел арасында танымал болды. Мысалы, Металлургтер көшесіндегі 13-үйде орналасқан №1 қалалық кітапхананың  мәтіндік есебінде КОКП-ның  ХХ-сьезінің шешімдерін насихаттау, атеистік бағытта тәрбие беру, көркем шығармаларды таныстыру бағытындағы шараларға баса көңіл бөлінгендігі аңғарылады. Сол кездерде Кочетовтің «Молодость с нами», Брянцевтің «Это было в Праге», Тахимовичтің «Баргузин», Образцовтың «О том, что я видел, узнал из 2-х поездок в Лондон», Гумилев пен Зикмундтың «Африка грез и действительность» кітаптары танымал еді. Оқырмандардың  шетелдер туралы оқып, білуге деген ынталары да айырықша болды. Газет, журналдардағы саяхаттар, шетелдіктердің өмірі туралы мақалаларды қызығушылықпен оқыды. Ондай белсенді оқырмандардың аты-жөндері есеп жазбаларында  ерекше аталып отырды. Мәселен, солардың бірқатары:  Шевцов - еңбеккер, Прокопенко-ҚМК-ның  инженері, Свиридов –әскери қызметкер.
1980-жылдың соңында қалалық мәдениет бөліміне қарасты екі жаңа бөлім-Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бұқаралық кітапханасы және балалар кітапханаларының орталықтандырылған жүйесі құрылды.
Орталық қалалық кітапхана №1 қалалық кітапхананың негізінде құрылды. Сол уақыттың өзінде  бұл кітапхананың жақсы жинақталған кітап қоры және библиографиялық-анықтама  аппараты болды. Яғни, жүйедегі басқа барлық кітапханалардың  ішіндегі бірегей кітапхана деуге болатындай жағдайда еді. Бұқаралық кітапханалардың  орталықтандырылған жүйесінің тұңғыш директоры  Телеграфова Станислава Ивановна, балалар кітапханасының директоры -Кочукова Софья Дмитриевна болды. Бұдан кейін басшылықта болғандар: Жаркевич Валентина Ивановна, Батова Екатерина, Ларина Валентина Ивановна. 
1985-жылы екі жүйе біріктірілді. Басшылығы Орталық қалалық кітапхана болған бұл жүйенің қарамағына Орталық балалар кітапханасы және 25 бөлімше  енгізілді. Біріккен жүйенің директоры болып Ларина Валентина Ивановна тағайындалып, 2001-жылға дейін қызмет етті. Кітапхана жүйесінің дамуына  өзіндік үлесін қосқан қалалық мәдениет бөлімінің  меңгерушілері қызметін атқарған Донских А. В, Котов М. В, Т.Құмаровтардың есімдерін ерекше атап өткен ләзім. Кітапханалардың  маңыздылығы  мен мәніне деген осындай басшылардың жауапкершілікті көзқарастарының нәтижесінде Өскемен қалалық Орталықтандырылған  кітапханалар жүйесі  еңбекақы мен қажетті мамандар бойынша екінші топқа ие болды.
1996-жылы Үлбі металлургия зауыты кәсіподағының кітапханасы  қалалық мәдениет бөлімінің қарамағына  өткізілді. Зауыт кітап қорымен бірге кітапхана ғимаратын, құрал-жабдықтары мен штатын түгелдей берді. Сол жылы орталық кітапхана Ертіс жағалауы  көшесіндегі 22-ғимаратта орналасқан зауыт кәсіподағының бұрынғы кітапханасына көшіп кірді. Осылайша, қаланың әр шағын ауданында шашыраған кітапхана бөлімшелері бір ғимараттың ішіне жиналды. 1996-жылдың соңына қарай орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі кітапханалардың саны 33-ке жетті. 
Жылдар өтіп, уақыт кезеңімен бірге өмірде сан түрлі өзгерістер болды. Кеңес Одағы тарап, құрамындағы әрбір ел дербес мемлекет болып қайта құрыла бастады. Соның бірі болып Қазақ елі де бабаларымыз аңсаған Азаттығына қол жеткізді. Тәуелсіздікке ие болған еліміз етек-жеңін жинап, жоғын тауып, барын оңалту үшін көптеген қиындықтарды бастан өткізуге тура келді. Сондай қаракеттердің бірі оңтайландыруды жүзеге асыру кезінде кітапханалар саны біршама қысқарып кетті. Сөйтіп, 1993-1997-жылдар аралығында  орталықтандырылған жүйенің 21 кітапханасы қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Соның кесірінен 50% кітапханашы жұмыссыз қалды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қарамағындағы 33 кітапхананың 12-сі ғана халыққа қызмет етуді жалғастырды. Олар: екі орталық кітапхана және 10 кітапхана-бөлімшесі еді.  
1990-жылдардағы  кітапханаларды жаппай қысқартуларға қарамастан жүйе әкімшілігі кітап қоры мен кәсіби мамандарын сақтап қала ады. Қаланың бұқаралық кітапханаларында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет еткен өз ісінің мамандары-Шмителько Нина Евгеньевна, Красовская Лия Казимировна, Козлова Елена Васильевна, Пестерова Августина Ивановна, Журавлева Мария Михайловна  және басқа да өз ісіне адал қызметкерлер жас кітапханашыларға үлгі болатын жандар.

Құрметті  ағайындар, егер Сіздер қала кітапханаларының тарихы туралы ақпараттар мен деректер білетін болсаңыздар, яки сіздерде кітапханаға байланысты фотосуреттер болса бізге хабарласып, айтуларыңызды өтінеміз.

 

Біз әлеуметтік желілердеміз

Twitter

Instagram

Facebook

Youtube

Одноклассники

Instagram

Рухани жаңғыру

Оқырмандар қоржынынан

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде жарнама орналастыру бойынша
+7(7232)25-03-64 телефоны және ukcbs@mail.ru
арқылы хабарласуға болады.