1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Кенді Алтай

Шығыс Қазақстан десе ауызға түсетін Алтай – көне түркіше Алтын Иыш, ғалымдардың топшылауынша, адамзат өркениетінің алтын бесігі.Біздің заманымыздан бұрынғы қытай астанасынан екі мыңдай шақырым жерде орналасқан, басын мұз басып, етегін орман жапқан Алтайда табиғат мезгілі екі маусымға, «алты ай көктем-жаз» және «алты ай күз-қысқа» бөлінеді. Соған байланысты жергілікті халық арасында «Алты ай» деген тау аты пайда болған.

Адамзат Алтай өңірін тас ғасырдан бастап-ақ қоныстана бастағанын дәлелдейтін археологиялық ескерткіштер ежелгі дәуірде «Даити», орта ғасырда «Гамаш» деп аталған Ертіс өзені жағасынан көптеп табылған.
Қола дәуірде Алтайда «Андронов мәдениеті» деп аталатын айшықты ескерткіш қалдырған тайпалар мекендеген. Алтын жалатылған қола әшекейлер, түрлі үлгідегі жүзіктер, түйреуіштер, алқалар облыстық және республиканың Орталық мұражайында тұр. Қазір ғалымдар арасында Алтайдағы андроновтық тайпалардың ағаш пен тастан жасаған дөңгелек шошаласының негізінде қазақ киіз үйі пайда болған деген пікірлері қалыптасқан.
Орта жүз қазақтарының, негізінен, Шығыс Қазақстанды мекендейтін белді де беделді тайпаларының бірі – найман. Найман мемлекеті екі хандыққа бөлініп, Таян хан далалық өлкеде, Қарабалық қаласы маңындағы наймандардың алдыңғы жағын, Бүйрек хан таулы жерде, Алтайдың қара Ертісіндегі Орүнгү өзенінің маңын мекендеген. Ел екіге бөлініп, Орқына өзенінен – Ертіс өзені, Хангай тауынан – Алтай тауының аралығында көшіп-қонып жүрген. Асқар Алтайдың алтынды алқасы- Өскемен қаласы Ертіс пен Үлбі өзендерінің қиылысқан жеріне орналасқан. Оның тарихы Шығыс қазақстандағы кен өнеркәсібінің дамуына тікелей байланысты.
Орыс патшасы 1 Петрге Сібір губернаторы Іркет өзенінің бір жерінде алтын өте көп екен, оны су тасыған көктем күндерінде ат жабумен, кілеммен, тіпті көлемді матамен-ақ сүзіп алуға болады дегенді құлақ қағыс етеді. Бұл хабардың патшаны алаңдатқаны сондай, жатса-тұрса ойынан кетпей мазасыздандырады. Сондықтан ен байлықты қалай да тауып алуға бел байлаған ол Сібір губернаторының айтқан жағына қарай арнайы экспедициялар жібере бастайды.
1720 жылы қазақстанның шығысын бетке алған И.М.Лихаревтің экспедициясы солардың бірі еді. Ол Ертіс өзенімен жоғары өрлеп, Зайсан көліне дейін барады. Нұр Зайсанға аман-есен жеткенімен, одан әрі қара Ертіспен жоғары өрлеуге су таяздығы бөгет жасап, шегінуге мәжбүр болады.
Ертіспен қайта құлаған экспедиция Үлбі өзенінің Ертіске құяр сағасына келіп, қыстап шығу үшін ағаштан қамал салады. Сөйтіп, Россия империясының картасында жаңа белгі «Усть-Камень», жергілікті қазақтар «Өскемен» атап кеткен жаңа қамал пайда болады. Өскемен бекінісі өмірге осылай келді. Бұл қамал тек жоңғарлар шапқыншылығынан қорғап қана қоймай, сонымен қатар көршілес Азия елдерімен сауда және мәдени байланыстарды орнатуға тірек болды.
1726 жылы Орал тау-кен өнеркәсіпшісі Акинфий Демидов Алтайда тұңғыш кен орындарын ашып, оны өндіретін заводтар салды. Барлық заводтары мен кеніштеріне «Колывань-Воскресенск» деген ат қойды.
1760 жылы Сенаттың: «Сібірдің Өскемен қамалынан Бұқтырма өзені бойына, одан әрі Телецк көліне дейінгі жерді қоныстандыру туралы, ондағы қолайлы жерлерге қамалдар салып, ол жақтағы Ертіс өзеніне құятын Ұбі, Үлбі, Қайыңды, Ақтас және басқа үлкенді-кішілі өзендер бойын жағалай екі мыңға жуық орыс шаруаларын қоныстандыру туралы» деген ұзын-шұбақ атпен арнайы указы шықты. Бірақ бұл указдың аты ұзын сонар болғанымен заты қызық болмайтынын түсінген шаруалардың бұл жаққа аяқ басқысы келмеді.Тек арада 4-5 жыл өткен соң Бұғылы, Секисовка, Шемонаиха, Екатеринка селоларына орыстар көшіп келіп, жаңа қоныстанушылар шаңырақ көтерді. Олар егін шаруашылығымен айналысып, бал арасын өсірумен де шұғылданды.
Ал бұл шаруалардың жаңадан келіп қоныстануы «Колывань-Воскресенск» заводтарының жұмысшыларын азық-тулікпен қамтамасыз етуге біраз жағдай туғызды.
1720 жылы салынған Өскемен бекінісі қала мәртебесіне 1804 жылы ие болды.
1869 жылы Семей облысына қарайтын уездік қала болып белгіленді.
Басқа қалалар сияқты Өскеменнің де өзіндік даму ерекшелігі бар. Бұл өңір саяси жер аударушылар мен каторгаға айналғандардың мекені еді.
1918 жылы 14 наурызда Өскеменде өкімет большевиктер Совдепінің қолына көшті. Жергілікті жерде Совет өкіметін орнатуға ат салысқан күрескерлердің бірі Яков Ушанов еді. Өскемен қаласының Ленин атындағы проспектісінде Ушанов атындағы алаң бар. Алаңда бірінші Совдептің председателіне қойылған ескерткіш тұр.
Яков Ушановтың сенімді серіктерінің бірі қазақ жігіті Шөки Бәшіков болатын. Оның есімі де революциядан бұрын-ақ қазақтың кедей ауылдарына кеңінен танымал еді. Сол кездің өзінде-ақ Шөки Бәшіковты «құл-құтандар арасындағы теріс үгітші» деп билік жүргізуші байлар жақтырмайтын. Алғашқы совдептің мүшесі ретінде Ушановтың айтқандары бойынша кедей ауылдарын аралап, үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізе берді.
1918 жылы 14 мартта өскеменде өкімет большевиктер Совдепінің қолына көшті. Бірақ, контрореволюция қапысын тапты. Өскеменді офицер-казак отряды басып алды. Аз ғана күшпен қалған большевиктердің төтеп беруге шамасы келмей, тұтқиылдан жасаған шабуылдан жеңіліс тапты. Түрмелер адамдарға лық толды. Ұсталғандардың ішінде Яков Ушанов та бар еді. Соңынан Шөки Бәшіков те тұтқындалды. Атаман Анненковтың бұйрығымен суық түрмеде Шөкидің үстінен суық су құйып, мұз қылып қатырып тастады. Ертеңінде оның өлгеніне шек келтірмей, түрме сыртындағы өлгендерге арналған орға тастады. Көмуге рұқсат етілмегендіктен қыр қазақтары Шөкидің денесін ұрлап әкетті. Олар қауіпсіз жерге барған соң ғана «өлікті» қарап, оның бойында әлі жаны бар екенін көрді. Оны әбден жазылып шыққанша жасырын ұстады. Ал, Ушановқа алдымен жазаның неше түрін қолданып, азаптады. Сонан кейін үлкен құрым киізді сулап, соған Яковты орады да кеменің оттығына тастап жіберді.
1920 жылы Өскеменде кеңес өкіметі орнады.
Қазір Өскемен кішкентай ағаш қамал емес, мәдениеті өскен, сәулетті сәнді сарайлар сап түзеген, ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған әсем қалаға айналды. Бүгінгі Өскемен – аймақтың ірі экономикалық, өндірістік және мәдени орталығы. 
Өскеменде ірі өнеркәсіп алыптарының бір тобы шоғырланған. Олардың ішінде әлемге әйгілі : «Қазмырыш», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Үлбі металлургия зауыты», «Конденсатор зауыты», «Шығыс машина жасау зауыты» сияқты ашық акционерлік қоғамдар бар. Олардың өнімдерін бүгінде әлем таниды.

 

 

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.