1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Өскемен қаласының құрылу тарихы

XVII ғасырда орыс үкіметі Ертіс өзенінің бойымен жоғары өрлеу үшін бірнеше қадамдар жасады. Бұл ұмтылыстың бірнеше себептері бар:
а) Ресейдің шығыс шекараларын қамтамасыз ету;
б) шығыс елдерімен сауда байланысын кеңейту;
в) Алтайдың байлығына ие болу.
Бекіністі Үлбінің Ертіс өзеніне құяр жерінен салу жоспарланды. Отрядтың командирі гвардия майоры Иван Михайлович Лихарев император Петр I «рапорт» жазды. 1720 жылғы 12-17 тамыз күндері қамалдың құрылысы басталды. И.М. Лихарев подполковник Ступиннің басқаруымен 363 адамнан тұратын гарнизон қалдырды. Құрылысқа инженер Летранже жетекшілік етті.
Уақыт өте келе бекіністің жанынан адамдар қоныс тебе бастады. Ауыл болып, одан станица атанды. Станица 1804 жылдан қалашық деп атала бастады. Ал 1868 жылы Өскеменге қала статусы берілді. Қалада сауда, ауылшаруашылығы  өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары  дами бастады, айлақ (пристань) құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Ұлы  Отан соғысы жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды. 
Өскеменде тұратын орыс халқының көпшілігі ертеде бұл жерде қазақтар тұрмапты деген ұғымда. Бірақ жергілікті тарихшы З.Қайсеновтың «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» кітабында бұндай сөздерге тосқауыл қойылған. Өскеменді мекендеген ақсақалдардан тарихшы осы жерді мекендеуші қазақтар туралы төмендегідей деректер алған:
«Жыланды ауылының қарт тұрғыны Төрехан ақсақалдың мәліметі бойынша, арғы атасы Қорамсақ Ақтасты (қазіргі Глубокое кеніші) ауылынан Тайынтыға ауылымен көшіп келіп, Жанай руына би сайланған. Бірақ кәріліктен қайтыс болып, оның баласы Наурызбай 1830 жылы билікке ие болып, 1917 жылы Кеңес өкіметі келгенде босап қалып қуғындалғандықтан, 1920 жылдары қашып Өскеменге келіп, Жыландыда тұрып қалады да, 86 жасында 1932 ж. сол ауылға жерленеді. Қорамсақтың тұсында Ертіс өзенінің екі жағында Көкжарлы Сарыжомарт аталатын елдің көпшілігі, ал Үлбінің бойында керей ауылдары көшіп-қонып, Ертіс бойына қамалдар (крепость) салудың нәтижесінде, қазақ ауылдары ығыстырылды. 1830-60 жылдарда Бажырақай деген адам Ертістегі темір көпір тұрған жерді бір ауыл қазақтарымен мекендеп, 1950 жылға дейін «Бажырақай» ауылы аталып, артынан орыстардың көптеп қоныстануына байланысты «Левый берег» кенті аталып, атын жояды. Қазіргі заманымызда Бажырақайдан санағанда 4-5 ата болып келетін ұрпақтары 10 шақты отбасы, көпшілігі қазақ тілін ұмытқан. Міне, бұл нағыз өлкенің өткен тарихы».
Ал 1842 жылдар ғылыми экспедиция жасаған П.А.Чихачев Лениногорден Өскеменге келген кездегі көргендерін былайша жазады:
«Сразу же после переправы через реку (Ульба) начинаешь различать контуры Усть-Каменогорска, расположенного на обширной равнине развернувшейся перед нами. Погода 25 октября (7 ноября) была прекрасной и наши тарантасы, как ветер неслись по степи, вздымая густые облака пыли. Вдоль городских улиц выстроились множество казахских юрт, придавая городу восточный колорит»
Бұдан басқа да қызықты деректерді тарихшы З.Қайсенов Өскеменнің тұрғындары 1905 ж. туған Төлеген Райысов пен 1911 ж. туған Асқарбек Тұрсынбеков сынды ақсақалдардың шежіресінен алғандығын айтады. Олардың айтуынша ең алғаш Өскеменді орыстар мекендемей тұрып қазақтар Ертістің екі жағында көшіп-қонып, мал шаруашылығымен шұғылданған, ешқандай қала жоқ, киіз үйде тұрған. Ботпай тауы немесе қазіргі Пристаннан Аблакетка ГЭС-іне дейінгі тауда Сарыжомарт елінің Өтеулі Мәмбет рулары, Ақтасты немесе Глубокое аталып кеткен жерлерде Жәрке және Өтеміс елінің рулары, Үлбі бойында Керей рулары көшіп-қонып тіршілік жасапты.
Өскеменнің ертеректе «Дом» деп аталғаны жайлы да тарихшы қызықты деректер келтіреді. Бұл туралы деректерді  Қ.Халидтің «Тауарих хамса» кітабы да дәлелдейді: «Өскеменді қазақтар «Дом» (қала) дейді. Өскеменнің орысша мағынасы «усть» - құю, судың құяр жері, «камень» - тас, «тасты құйған» болады. Асылы түркіден аударылған, Өскемен суы ескіде «тасты өзен», «тас құйған» екен, судың орысша атауы «Ульба». Өскемен атына «гор»-ды қосып жүр, ол тау дегені. Бірақ қазақтардың «Дом» атауы мұнда орыс келмей, қала салынбай тұрған күнде бұрын Дом атты кісінің қыстауы болғанынан қалған. Орыстар да алғаш дом атағанымен, соңынан өзгертті».
Тарихшы Асқарбек ақсақалдан естіген әңгімесі бойынша қаланың «Дом» аталуының мәнісін былай түсіндіреді: «Бұрынғы Лайлы қазіргі Самар ауданында тұратын Жәркелердің ішінде өзі мықты, баукеспе ұры бір адамы Ертістің ар жақ, бер жағында отырған қазақ ауылдарының жылқысын ұрлап, оны ойрат қалмақтарына асырып, елдің тынышын кетіріпті. Билердің үкімімен оны ұстап алып, жерге діңгек қағып, аш-жалаңаш үш күн байлап, үш күннен кейін қолындағы малын сыпырып алып, өзін елден қуады. Бала-шағасы көп болған ұры, алысқа кете алмай, Ертістен өтіп, Үлбінің Ертіске құяр сағасындағы қалың ағаш ішінен екі бөлмелі үй салып, балық аулап, Үлбінің жоғары жағындағы керейлермен байланыс жасаған. Сол жылдары Ертіс бойына бекініс салуға келген экспедиция бастықтары әлгі адамды кездестіреді де, отырған жерін босатуды сұрайды. Орысша білетін ұры, балалары көп ара-бері көше алмайтынын түсіндіреді.
Экспедиция басшылары қазіргі Соградан жер беріп, қолына «помещик» деген дворяндық куәлік қағаз және жеткілікті азық-түлік беріп, көшіріп тастайды. Келген орыстардың бәрі атын атай алмай «мұсылман» деудің орнына «Пусырман» деп кетіпті. Кейін сол кісіден таралған ұрпақтардың бәрі Пусырманбыз деп жүріп, көп жылдар өтіп қаладағы орыстардың көбеюіне байланысты Пусырманнан таралған ұрпақтар орыс халқының арасына біржола сіңіп кетіпті. Ал, қолдарына берілген куәлік құжатты кейінгі ұрпақтары жоғалтқан. Пусырманның 1885 жылдарда туған аздап қазақша білетін бір ұрпағы 1940 жылдары қайтыс болған. Басқалары христиан дініне кіріп, орыстанып кеткен екен»
Ал Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, есімі елге белгілі археолог жерлесіміз З.Самашев облыстық «Дидар» газетіне (2010,13 наурыз) берген сұхбатында: «Дәл осы Ертіс өзенінің бойында ІХ – ХІ ғасырлық араб тарихшысы Әл-Гардизидің жазуы бойынша Қимақ мемлекетінің үлкен қаласы болған. Бұл туралы академик Болат Көмековтың «Государство кимаков ІХ - ХІ вв.» деген іргелі кітабы да жарық көрген. Яғни, сол ІХ ғасырдың өзінде бұл өңірде мал жайып, шашырап жүрген түркілер ғана емес, олардың мемлекеті болған... Өскемен қаласының өз ішінде де сол көне қалалардың іздері табылып жатыр. Мәселен, қаланың кірпіш зауытына бара жатқан тұстағы жерден топырақ қазып алып жатқанда, талай бүлініп кеткен қорғандар табылған. Бұл - Х ғасырға жататын қорғандар. Одан табылған заттар қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұр. Яғни, бұл жерде орыстар келгенге дейін немесе келгеннен кейін де жергілікті этностың тіршілігі, тарихи сабақтастығы жойылып көрген жоқ»,- дейді.
«Дидар» газетінің осы жылғы 16 наурыздағы санында тілші Б.Тоқанұлының «Өскемен атауының түбірін өзге тілден емес, өз тілімізден іздейік» деген мақаласы шықты. Мақалада автор: «... Усть-Каменогорск атауындағы «уст» сөзінің мағынасын орыстың устье (құйған) деген сөзінен емес, түркі-алтай тілді халықтардың «уст» (сулы) сөзінен, «кам» буынының мағынасын орыстың камень (тас) сөзінен емес, түркі-алтай тілдеріндегі «кем»(өзен) сөзінен іздегеніміз жөн. Сөйтіп, Өскемен қаласының аты осы өлкенің байырғы атауы «Усть-кем»-нен шыққан (Сулы өзен) деген қорытынды жасасақ шындықтан алшақ кетпейді», - деген пікір айтады. 
Осындай пікірді З.Қайсенов ағамыз да жоғарыдағы кітабында айтқан.
Бұдан шығар қорытынды, біздің өлкенің тарихы бұрын біржақты ғана жазылып келгені шындық. Ендігі жерде тарихи шындықты бүркемелемей ашық жазуымыз қажет. Бұл келер ұрпақ үшін де  аса маңызды.

 

Меню

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде, сонымен қатар біздің "Мереке - Праздник для всех" газетіне жарнама орналастыру бойынша мына телефон арқылы +7 7232 25-03-64 және ukcbs@mail.ru хабарласуға болады.