1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer>


Тарих және қазіргі заман

 

 

Өскемен тарихынан

XVII ғасырда орыс үкіметі Ертіс өзенінің бойымен жоғары өрлеу үшін бірнеше қадамдар жасады. Бұл ұмтылыстың бірнеше себептері бар:
а) Ресейдің шығыс шекараларын қамтамасыз ету;
б) шығыс елдерімен сауда байланысын кеңейту;
в) Алтайдың байлығына ие болу.
Бекіністі Үлбінің Ертіс өзеніне құяр жерінен салу жоспарланды. Отрядтың командирі гвардия майоры Иван Михайлович Лихарев император Петр I-ге «рапорт» жазды. 1720 жылғы 12-17 тамыз күндері қамалдың құрылысы басталды. И.М.Лихарев подполковник Ступиннің басқаруымен 363 адамнан тұратын гарнизон қалдырды. Құрылысқа инженер Летранже жетекшілік етті.

Уақыт өте келе бекіністің жанынан адамдар қоныс тебе бастады. Ауыл болып, одан станица атанды. Станица 1804 жылдан қалашық деп атала бастады. Ал 1868 жылы Өскеменге қала статусы берілді. Қалада сауда, ауылшаруашылығы  өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары  дами бастады, айлақ (пристань) құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Ұлы  Отан соғысы жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды.
Өскеменде тұратын халықтың көпшілігі ертеде бұл жерде қазақтар тұрмапты деген ұғымда. Бірақ жергілікті тарихшы З.Қайсеновтың «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» кітабында бұндай сөздерге тосқауыл қойылған. Өскеменді мекендеген ақсақалдардан тарихшы осы жерді мекендеуші қазақтар туралы төмендегідей деректер алған:
«Жыланды ауылының қарт тұрғыны Төрехан ақсақалдың мәліметі бойынша, арғы атасы Қорамсақ Ақтасты (қазіргі Глубокое кеніші) ауылынан Тайынтыға ауылымен көшіп келіп, Жанай руына би сайланған. Бірақ кәріліктен қайтыс болып, оның баласы Наурызбай 1830 жылы билікке ие болып, 1917 жылы Кеңес өкіметі келгенде босап қалып қуғындалғандықтан, 1920 жылдары қашып Өскеменге келіп, Жыландыда тұрып қалады да, 86 жасында 1932 ж. сол ауылға жерленеді. Қорамсақтың тұсында Ертіс өзенінің екі жағында Көкжарлы Сарыжомарт аталатын елдің көпшілігі, ал Үлбінің бойында керей ауылдары көшіп-қонып, Ертіс бойына қамалдар (крепость) салудың нәтижесінде, қазақ ауылдары ығыстырылды. 1830-60 жылдарда Бажырақай деген адам Ертістегі темір көпір тұрған жерді бір ауыл қазақтарымен мекендеп, 1950 жылға дейін «Бажырақай» ауылы аталып, артынан орыстардың көптеп қоныстануына байланысты «Левый берег» кенті аталып, атын жояды. Қазіргі заманымызда Бажырақайдан санағанда 4-5 ата болып келетін ұрпақтары 10 шақты отбасы, көпшілігі қазақ тілін ұмытқан. Міне, бұл нағыз өлкенің өткен тарихы».
Ал 1842 жылдар ғылыми экспедиция жасаған П.А.Чихачев Лениногорден Өскеменге келген кездегі көргендерін былайша жазады:
«Сразу же после переправы через реку (Ульба) начинаешь различать контуры Усть-Каменогорска, расположенного на обширной равнине развернувшейся перед нами. Погода 25 октября (7 ноября) была прекрасной и наши тарантасы, как ветер неслись по степи, вздымая густые облака пыли. Вдоль городских улиц выстроились множество казахских юрт, придавая городу восточный колорит»
Бұдан басқа да қызықты деректерді тарихшы З.Қайсенов Өскеменнің тұрғындары 1905 ж. туған Төлеген Райысов пен 1911 ж. туған Асқарбек Тұрсынбеков сынды ақсақалдардың шежіресінен алғандығын айтады. Олардың айтуынша ең алғаш Өскеменді орыстар мекендемей тұрып қазақтар Ертістің екі жағында көшіп-қонып, мал шаруашылығымен шұғылданған, ешқандай қала жоқ, киіз үйде тұрған. Ботпай тауы немесе қазіргі Пристаннан Аблакетка ГЭС-іне дейінгі тауда Сарыжомарт елінің Өтеулі Мәмбет рулары, Ақтасты немесе Глубокое аталып кеткен жерлерде Жәрке және Өтеміс елінің рулары, Үлбі бойында Керей рулары көшіп-қонып тіршілік жасапты.
Өскеменнің ертеректе «Дом» деп аталғаны жайлы да тарихшы қызықты деректер келтіреді. Бұл туралы деректерді  Қ.Халидтің «Тауарих хамса» кітабы да дәлелдейді: «Өскеменді қазақтар «Дом» (қала) дейді. Өскеменнің орысша мағынасы «усть» - құю, судың құяр жері, «камень» - тас, «тасты құйған» болады. Асылы түркіден аударылған, Өскемен суы ескіде «тасты өзен», «тас құйған» екен, судың орысша атауы «Ульба». Өскемен атына «гор»-ды қосып жүр, ол тау дегені. Бірақ қазақтардың «Дом» атауы мұнда орыс келмей, қала салынбай тұрған күнде бұрын Дом атты кісінің қыстауы болғанынан қалған. Орыстар да алғаш дом атағанымен, соңынан өзгертті».
Тарихшы Асқарбек ақсақалдан естіген әңгімесі бойынша қаланың «Дом» аталуының мәнісін былай түсіндіреді: «Бұрынғы Лайлы қазіргі Самар ауданында тұратын Жәркелердің ішінде өзі мықты, баукеспе ұры бір адамы Ертістің ар жақ, бер жағында отырған қазақ ауылдарының жылқысын ұрлап, оны ойрат қалмақтарына асырып, елдің тынышын кетіріпті. Билердің үкімімен оны ұстап алып, жерге діңгек қағып, аш-жалаңаш үш күн байлап, үш күннен кейін қолындағы малын сыпырып алып, өзін елден қуады. Бала-шағасы көп болған ұры, алысқа кете алмай, Ертістен өтіп, Үлбінің Ертіске құяр сағасындағы қалың ағаш ішінен екі бөлмелі үй салып, балық аулап, Үлбінің жоғары жағындағы керейлермен байланыс жасаған. Сол жылдары Ертіс бойына бекініс салуға келген экспедиция бастықтары әлгі адамды кездестіреді де, отырған жерін босатуды сұрайды. Орысша білетін ұры, балалары көп ара-бері көше алмайтынын түсіндіреді.
Экспедиция басшылары қазіргі Соградан жер беріп, қолына «помещик» деген дворяндық куәлік қағаз және жеткілікті азық-түлік беріп, көшіріп тастайды. Келген орыстардың бәрі атын атай алмай «мұсылман» деудің орнына «Пусырман» деп кетіпті. Кейін сол кісіден таралған ұрпақтардың бәрі Пусырманбыз деп жүріп, көп жылдар өтіп қаладағы орыстардың көбеюіне байланысты Пусырманнан таралған ұрпақтар орыс халқының арасына біржола сіңіп кетіпті. Ал, қолдарына берілген куәлік құжатты кейінгі ұрпақтары жоғалтқан. Пусырманның 1885 жылдарда туған аздап қазақша білетін бір ұрпағы 1940 жылдары қайтыс болған. Басқалары христиан дініне кіріп, орыстанып кеткен екен»
Ал Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, есімі елге белгілі археолог жерлесіміз З.Самашев облыстық «Дидар» газетіне (2010,13 наурыз) берген сұхбатында: «Дәл осы Ертіс өзенінің бойында ІХ – ХІ ғасырлық араб тарихшысы Әл-Гардизидің жазуы бойынша Қимақ мемлекетінің үлкен қаласы болған. Бұл туралы академик Болат Көмековтың «Государство кимаков ІХ - ХІ вв.» деген іргелі кітабы да жарық көрген. Яғни, сол ІХ ғасырдың өзінде бұл өңірде мал жайып, шашырап жүрген түркілер ғана емес, олардың мемлекеті болған... Өскемен қаласының өз ішінде де сол көне қалалардың іздері табылып жатыр. Мәселен, қаланың кірпіш зауытына бара жатқан тұстағы жерден топырақ қазып алып жатқанда, талай бүлініп кеткен қорғандар табылған. Бұл - Х ғасырға жататын қорғандар. Одан табылған заттар қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұр. Яғни, бұл жерде орыстар келгенге дейін немесе келгеннен кейін де жергілікті этностың тіршілігі, тарихи сабақтастығы жойылып көрген жоқ»,- дейді.
«Дидар» газетінің осы жылғы 16 наурыздағы санында тілші Б.Тоқанұлының «Өскемен атауының түбірін өзге тілден емес, өз тілімізден іздейік» деген мақаласы шықты. Мақалада автор: «...Усть-Каменогорск атауындағы «уст» сөзінің мағынасын орыстың устье (құйған) деген сөзінен емес, түркі-алтай тілді халықтардың «уст» (сулы) сөзінен, «кам» буынының мағынасын орыстың камень (тас) сөзінен емес, түркі-алтай тілдеріндегі «кем»(өзен) сөзінен іздегеніміз жөн. Сөйтіп, Өскемен қаласының аты осы өлкенің байырғы атауы «Усть-кем»-нен шыққан (Сулы өзен) деген қорытынды жасасақ шындықтан алшақ кетпейді», - деген пікір айтады.
Осындай пікірді З.Қайсенов ағамыз да жоғарыдағы кітабында айтқан.
Бұдан шығар қорытынды, біздің өлкенің тарихы бұрын біржақты ғана жазылып келгені шындық. Ендігі жерде тарихи шындықты бүркемелемей ашық жазуымыз қажет. Бұл келер ұрпақ үшін де  аса маңызды.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Қайсенов, Зейнолла Әбдікәрімұлы. Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері / З. Ә. Қайсенов. - Өскемен: Б. и., 2007. - 334 б.
Қарасаев, Ғани. Қазақстан және Алтай өңірі XYIII-XX ғасырлар аралығында: Қазақстанның шығысы және Алтай өлкесі деректерінен / Ғ. Қарасаев. - Толықт., 2-басылымы. - Өскемен: Медиа-Альянс, 2004. - 392 б
Қарасаев, Ғани. Қазақстанның Шығыс өңірі XVIII-XX ғасыр басындағы батыс, орыс зерттеушілері шығармаларында, ғылыми-көпшілік басылымдары деректерінде (тарихнамалық бағыт) / Ғ. Қарасаев. - Өскемен: Медиа - Альянс, 2006. - 396 б
Самашев З. Өскемен қаласының өз ішінде де көне қалалардың іздері табылып жатыр / З. Самашев ; сұхбат. Д. Анаш // Дидар. - 2010. - 13 наурыз. - Б. 5.
Тоқанұлы Б. Өскемен атауының түбірін өзге тілден емес, өз тілімізден іздейік / Б. Тоқанұлы // Дидар. - 2010. - 16 наурыз. - Б. 5.

«Өскемендікпін!» деп төс керем
Эссе-терме
Әлібек Қаңтарбаев.

 

р Алтай шәрі Өскемен, қойнауы сан жұрт, өскен ел, құйрық-бауыр жескен ел, "береке, бірлік" дескен ел, түсті металл Отаны - басқаға қалай дес берем?!
Жо-жоқ, "Өскемендікпін!" деп төс керем.
Кешегі түркі қағанат, желбіретіп көк ту тіккен жер, бабалар мініп арғымақ, терліктің терін үккен жер, жерұйық іздеген бабамыз, бұйдасын тартып көшінің, "алла" деп тізе бүккен жер, бетегесі мен жусанын, қаралы қой, мол жылқы, түбіттей тартып түткен жер!
Иә, иә, мамырстан заманын, сандаған ғасыр күткен жер!
Қабанбай бабам Қубасы, тұяғы тасын тескен жер, жоңғарды жеңіп ту шаншып, сар қымызды сапырып, ойхой, дүние, бөскен жер, қызық дәурен кешкен жер!
Өскеменімнің іргесі, сол дәуірде қаланған, мұнда келіп бел шешкен, не ғұлама, сан арман, қаламның қойнау-қолаты, саф алтыннан жаралған, халқым содан нәр алған, байлығым асып шарамнан, тоты құстай таранғам, жасай бер, жаса, қара орман!
Кетейін енді көсіліп, ерке Ертістей есіліп, Бұқтырмадай сарқырап, тау мен тасты көшіріп, қара ұлың алсын шешіліп! Бере алмасам бағаңды көсіліп әрі өсіріп, онда мені тізімнен, тастағайсың өшіріп!
Арманды қалам, осыны ұқ!
Өскеменім, сенің ғұмырың, үш ғасырға таяды,
бүгінде күйкі тірлік жоқ, көрбілтелейтін баяғы,
түсті металл сапырып, жатырсың - сенің бай әнің,
сандаған ұлтқа тұрақсың, құшағын қалам жаяды,
жерұйық қалам үстінен, аунап барады Ай әні!
Ау, кенді Алтайымның кіндігі, бүгін сен деп ән айтып, күй күйлейтін жыр күні, қуаныштан желп-желп етеді, кәрі Алтайдың түндігі, сәлем айтады қыр гүлі, жетекке алып Үлбіні, барады Ертіс құрғырың!
Қаныш ағам қойнауын, қопарып терін төккен жер, Қонаев ағам ат мініп, байлығыңа сенің таң қалып, басын шайқап өткен жер, салдыртып сан-сан комбинат, келешектің дәнін еккен жер, ауыздықтап арманды, арғымағын жеккен жер, сөйтіп барып көз жұмған: "Болашақ бізді сөкпеңдер!".
Айналдым сенен, Өскемен, егеменді елдің қаласы, төңірегіңе қарашы! Байлығыңа бүгінде, ешкімнің жоқ таласы, Ертіс - Үлбі айлағы, толған сан ұлт баласы, бейбіт тірлік кешуде, жоқ өкпе, тіпті наласы, құшағыңдағы ұл - қыздың, Алтайдай биік санасы, нарық сойылы сүйкеген жаздың сен елдің жарасын!
Маңдайының соры бес елі, зар күнің кетті кешегі, Тайбурыл - қалам күн емес, сағат сайын өседі, көп қабат зәулім үйлерден достықтың әні еседі, гүл көмкерген бағынан, күй шығып жатыр көшелі, дәулеті тасқан ер халқы: "Бергеніңе тәубе!" деседі.
Бүгін сенің мерекең, пейілің, пай-пай кең екен, асып жатыр берекең, қонаққа сойып атыңды, ұсынарың төр екен, жат жұрттар таң қап кетеді: "Бірлігі берік ел екен!"
Жалғаса берсін, мерекең! Өскеменім - нұр қалам! Түспесін басың биіктен, сенен кеп шөлін басады, сан тілде сөйлер сүйікті ел, орамалына олардың, аққу-арманды түйіп бер, болашаққа сенім жиып бер, сенен көңілі марқайып, қуанып қайтсын күйікті ер!
Ал, Өскемен, құт қалам! Астырсын сені, тастырсын, қонаққа тартар табақта, жамбас пенен бас тұрсын, бүгінгі мынау думанда, кәрі менен жас күлсін, бетіңнен нұрың қайтпасын, жаратқан мәңгі жас қылсын!

Оқиғалар жылнамасы (хронология)


Өскемен бекінісінің салынуы жөніндегі жазбаша мәліметтерді боярин Федор Байков қалдырған еді.
1714 ж.- І Петрге сібір губернаторы М.Гагарин Иркеть өзенінің жағасында “алтын құмдар” бар екендігін айтады.
1715 ж. Шілде - Тобылдан шыққан  И.Бухгольц отряды Ертісті бойлай жүзеді. Жуық арада Ямышев бекінісі салынады.
1719 жылы І Петр Яркенд алтынын іздеуге және сібір губернаторы Матвей Гагариннің озбырлық қылықтарын әшкерелеу үшін жаңа отряд жібереді.
1720 жылдың мамыр айында И.М. Лихаревтің экспедициясы Ертіс бойымен Зайсан көліне қарай бойлай жүзеді. Үлбінің Ертіске құяр сағасынан жаңа - Өскемен бекінісінің негізі қаланады. Ресей империясының картасынан Өскемен қамалы орын алады.
1882-1885 ж.ж. - Покров шіркеуі салынды.
1883 ж. - Өскемен қаласының қасындағы «Желді өзек» (қазіргі ЖМК аумағы) деген жерде орыс-қазақ интернат-мектебі ашылды.
1885 ж.- Троицк көшесінде мұсылман мешіті бой көтерген, 50 жыл қызмет еткенімен, 1934 ж. атеист әпербақандардың бастамасымен бұзылып, күмбезі трактормен сүйретіліп, жермен-жексен етіп қиратылған. Арада 12 жыл өткен соң, 1946 ж. 423 мұсылман бірігіп, қалалық кеңестен мешіт салуға рұхсат алған. Бірақ ол да кейінірек шаһарда жаңа үйлер салыну кезінде бұзылып кеткен.
1902 ж. Мариин әйелдер училищесі тұрғызылды. Педагогикалық курс тыңдаушылары Халыққа білім беру қоғамының қаржысына оқыды.
1912 ж. - “Эхо” синематографы ашылды, ол кейіннен “Октябрь” кинотеатры аталды.
1917 жылдың қазан-қараша айларында Өскеменде большевиктік ұйымдар құрылды. Большевиктер өз совдептерін құрды. Оған жиырма төрт жастағы майдангер Яков Васильевич Ушанов жетекшілік жасады.
1918 жылдың 14 наурызы күні билік большевиктік совдеп қолына көшті.
1918 ж.- “ Усть-Каменогорская жизнь” газеті шықты.
1919 жылдың жазында Өскемен абақтысында колчактардың қамауындағы қызылдардың көтерілісі болды. Н.Тимофеев пен С.Гончаренко ғана тірі қалды.
1919 жылдың күз айында жергілікті партизан отрядтары бірікті. Бірінші Алтай  Қызыл қырандарының полкы құрылды. Полк командирі болып коммунист Никита Иванович Тимофеев тағайындалды.
1920 жылдың бас кезеңінде  Кенді  Алтайда Кеңес үкіметі орнады.
1920 ж., 17 қаңтар - жедел оқытатын мұғалімдер семинариясы ашылды.
1920 ж., 28 қаңтар - Жаңа-Алтай мектебі «Өскемен қырғыз мектебі» деп аталған қазақ мектебі ашылды, бұл қазіргі Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы.
1920 жылдың 4 сәуір күні Халық Үйінде Өскемен қаласының жастары жиналды. Бұл Өскемендік комсомолдардың бірінші жиыны еді.
1924 ж.- Бірінші телефон желісі Қалалық комиссариат пен қалалық Кеңес арасына тартылды.
1925 ж.- Б-4 типті бірінші радиоқабылдағыш құрылды.
1930 ж., қазан - Семей қаласынан әкелінген құрал-жабдықтар негізінде Қалалық телефон станциясы ұйымдастырылды. Бұл құрал-жабдықтар нөмір қоятын құралдан және 20 телефон аппаратынан тұрды.
1931 ж. - Риддерде М.Тайшыбаев негізін салған «Жұмысшы» газеті шыға бастады. Ол кейіннен «Социалистік Алтай»,  «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» болып, қазір «Дидар» деген атпен шығып келеді.
1931 жылы Рубцовка-Риддер темір-жолының құрылысы басталды. 1938 жылы бұл жол Кенді Алтайды Транссібір және Орта Азия магистралдарымен байланыстырды.
1934 ж. - астық жинау науқанына орай республикамызға Сергей Киров келді. Ол үш күн Шығыс Қазақстанда болды. Осыған орай Большая көшесіне Киров есімі берілді. 1934 жылы Киров сөз сөйлеген көне ғимарат (бұрынғы облыстық Атқару комитеті) қазір тарихи ескерткіш болып саналады.
1935 ж.- облысты аудандармен байланыстырып тұрған әуе жолы ашылды.
1936 ж.- Атеистік саяси көзқарастың әсерімен Покров храмы құлатылды.
Пожарный деп аталатын қалтарма көшеге Максим Горький есімі берілді.
1939 ж.- Өскемен қаласы Шығыс Қазақстан облысының орталығы болды.
Өскемен су-электр станциясының құрылысы басталды.
1941 жылдың 8 мамыры күні жол құрылысының екінші кезеңі басталды. Жол құрылысына соғыстың кедергісі көп болды, бірақ, құрылыс жалғаса берді және соғыстың бірінші жылы аяқталды.
1942 ж.- Мыс өндіретін электролит зауытының құрылысы басталды.
1947 ж., 28 қыркүйек - Мыс зауыты «АЦ»(Алтай мырышы) деген маркамен алғашқы металл өнімін берді.
1949 ж., 29 қазан - Үлбі металлургия зауыты өз өнімдерін шығара бастады.
1950 ж.- Металл кадмииін өндіру игерілді.
1950 жыл - түсті металдар ғылыми- зерттеу институтының Алтай филиалы құрылды - “Гинцветмет”- “ Алтайцветмет”. 1955 жылы Түсті металдардың Бүкілодақтық тау-кен институты деп қайта өзгертілді. ( ВНИИцветмет)
1951 жыл - Өскемен қалалық пионерлер үйі облыстық деп өзгертілді.
1951 ж. - Өскемен мыс зауыты қорғасын-мырыш зауыты деп қайта аталды.
1952 ж, маусым - Қорғасын зауыты алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың қатарынан орын алды.
1952 ж. 20 желтоқсан -  Өскемен СЭС-і  тұңғыш өндірістік ток қуатын берді.
1953 ж. 3 маусым -  Өскемен су-электр станциясының тұңғыш шлюзы пайдалануға берілді.
Маусым айында конденсатор зауытының құрылысы басталды.
1954 ж. қаңтар айында Защита - Зырян  темір жолы пайдалануға ұсынылды.
1955 ж. маусым. Жаңа мыс зауыты іске қосылды. Өндіріске бүкіләлемдік стандартқа сәйкес металл өндіруге лайықты жаңа технология енгізілді.
1956 ж., 19 маусым - Өскемен жиһаз фабрикасы бірінші өнімін берді.
1957 ж, 30 сәуір - Өскеменде Металлургтердің мәдениет сарайы ашылды.
1958 ж., 16 наурыз - Өскемен телеорталығы тұңғыш телехабар ұйымдастырды, осыдан кейін телехабарлар үздіксіз жалғасын  тапты.
1958 ж., қазан - Өскемен құрылыс - жол институты ашылды.
1958 ж. 6 қараша - алаңда В.И.Ленинге ескерткіш тұрғызылды.
1958 жылы Шығыс машина жасау зауытында болат қорытылды.
1959 ж., сәуір - Өскемен конденсатор зауыты алғашқы өнімін берді. ( 62 конденсатор шығарылды.)
1959 жылдың аяғында өскемендік құрылысшылар қала халқына Байланыс Үйін сыйға тартты.
1960 ж. - Телехабардың тұңғыш рет қазақ редакциясы ашылды, оған қарымды журналист Қамза Қасымов жетекшілік етті.
1960., 19 сәуір - Өскемен су қоймасына су жіберілді.
1961 ж., 16 қазан - Өскемен аспаптар зауыты тұңғыш өнімін шығарды.
1962 ж., 11 тамыз - Өскемен Орталық мәдениет Үйі ашылды.
1962 ж., 10 қазан - Өскемен титан-магний комбинаты тұңғыш өнімін берді.
1963 ж., 3 наурыз - Өскемен титан-магний комбинатының тәжірибе цехы титан губкасын өндірді.
1965 ж., 27 наурыз - Өскемен титан - магний комбинаты толық пайдалануға ұсынылды.
1965 ж., 12 қазан - Өскемен аэропортына  Өскемен-Алматы авиарейсін орындаған АН-24 лайнері қондырылды.
1965 ж., 6 қараша -“Юбилейный” кинотеатры ашылды.
1968 ж., қаңтар.- Өскемен қаласында керамзит зауытының құрылысы басталды.
1969 ж., 22 наурыз - Өскеменде Спорт сарайы ашылды. (5100 орын)
1970 ж., қаңтар - Шығысқазақстандықтардың  Мәскеу, Алматы телехабарларын  көруіне арналған магистралдық байланыс желісі пайдалануға берілді.
1970 ж.,  9 тамыз - Өскеменде Ертіс арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді.
1970., қазан - “Өскемен” қонақүйі  пайдалануға берілді.
1970., шілде - Өскемен жібек-маталар фабрикасының негізі қаланды.
1973., сәуір - Өскеменде екі аудан құрылды: Үлбі және Октябрь аудандары.
1974 ж., қараша - Жаңа Согра поселкесінде бақша өнімдерін өндіретін арнаулы КПСС ХХІІІ сьезі атындағы совхоз құрылды.
1975., 7 мамыр - Өскемен қаласының Ертіс жағалауында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан шығысқазақстандықтарға ескерткіш қойылды.
1975., қыркүйек - Өскемен мәдени-ағарту училищесі ашылды.
1979ж., желтоқсан - Жібек маталар комбинатының 500 тігін станогынан тұратын  құрылысының үшінші кезеңі басталды.
1980 ж., мамыр - Шығыс Қазақстан аумағында қорықтар туралы шешім қабылданды: оған Күршім, Тарбағатай, Марқакөл, “Рахман көлі” қорықтары енді.
1981., қараша - О.Бөкеевтің “ Ән салады шағылдар” кітабы жарыққа шықты.
1982 ж., тамыз - Өскемен қаласында Қазақстан композиторларының әндеріне арналған фестиваль өтті.
1986 ж., - Малеев кені пайдалануға берілді.
1987 ж., желтоқсан - қатты аязда Үлбі көпірі істен шықты.
1989 ж., - облыстық типография құрылысы аяқталды.
1990 ж., 14 маусым.- Зайсан ауданында 9 баллдық күшті жер сілкінісі болды.
1990ж., 12 қыркүйек - Үлбі металлургия зауытының бериллий өндірісінде жарылыс болды.
1991 ж., 19 мамыр - Жамбыл мектеп-гимназиясында Қ.Бітібаеваның ғылыми-әдістемелік атаулы мектебі ашылды.
1991 ж., 29 тамыз - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1947 ж. 21 тамызында КСРО Орталық Комитетінің шешімімен құрылған өлкеміздегі Семей сынақ полигоны жабылды.
1992., қаңтар - Қалпына келтірілген Троицк Храмына “Христос Вседержитель” иконы қайтарылды.
1992 ж., 13 қараша - Қаладағы Монет сарайында ең алғашқы монета - 20 теңге шығарылды.
1994 ж., қаңтар - Өскемен қаласындағы тұңғыш жекешелендірілген жоғары оқу орны Шығыс Гуманитарлық институтының негізі қаланды.
1994 жылы Шығыс Қазақстан және Ресей Федерациясының Алтай аймағымен ресми түрде сауда-экономикалық қарым-қатынасы басталды. Бұл шекаралас екі аймақтың берік достығының басы болды.
1994 ж. - «Шабыт» жас ақындар мектебі өз жұмысын бастады. Жетекшісі ақын С.Ғабдуллұлы.
1995 ж. - Өскеменде Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы құрылды және дәл осы жерде республикамызда алғаш рет Халықтар достығы үйі ашылды.
1995 ж., қыркүйек - Өскемен аэропортына халықаралық статус берілді.
1996 ж. - Өскемен тарихында бірінші рет қала мэрі әйел адам – Вера Николаевна Сухорукова болып тағайындалды.
1996 ж., қаңтар - 70 жылдан кейін Троицк Храмы қызметін бастады.
1996 ж. - «Бөбек» балалар қорының президенті С.Назарбаеваның қатысуымен Өскеменде «Балбөбек» Шығыс Қазақстан облыстық балалар қорының, балалар шығармашылығының облыстық фестивалінің, отбасылық «Үміт үйінің», балабақшаның ашылу салтанаты өтті.
1997ж., мамыр - Шығыс Қазақстан және Семей облыстары біріктірілді.
1997 ж., қыркүйек - Краснооктябрьск көшесіне жазушы М.Әуезовтың есімі берілді. Қазір М.Әуезов даңғылы деп аталады.
1997 ж., қазан - Өскемен қаласының орталық мешіті мұсылман қауымына есігін айқара ашты.
1998 ж., 25 қазан - Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді.
1999 ж., - Қазақстан хоккей құрамасы қысқы Азия ойындарының чемпионы болды.
2000 ж. - Жамбыл атындағы драма театрында қазақ труппасы ашылды.
2002 ж., желтоқсан -  «Азия Авто» автоқұрастыру зауыты конвейерінен «Нива» автокөлігінің бірінші партиясы шығарылды.
2010 ж. - Этноауыл бой көтерді. Осында, бір көшенің бойында Шығыс Қазақстанды мекен еткен әртүрлі ұлыстардың үйлері қатар түзді.
2010 ж, күз - Өскемен өз тарихында бірінші рет екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің президенттерін қарсы алды.
2001 ж. - «Халық қаһарманы», даңқты жерлесіміз Қ.Қайсенов атындағы кітап дүкені өз жұмысын бастады.
2003 ж. - «Ақ Ертіс» журналы жарыққа шықты.
2004 ж. - Шығыс Қазақстанда алғаш рет «Алтай - біздің ортақ үйіміз» үйлестіру кеңесінің  аясында Ресей, Қазақстан, Моңғолия және Қытай елдерінің халықаралық конференциясы өтті.
2004 ж., 1 қазан - О.Бөкей атындағы № 44 мектеп-лицейде О.Бөкейдің ескерткіш-мүсіні ашылды.
2004 ж., 1 қазан - «Жазира» сауда орталығы ашылды.
2004 ж., 25 қазан - Ертіс өзенінің жағалауында Ауғанстан соғысында қаза болған боздақтарға арналған ескерткіш ашылды.
2005 ж., 9 мамыр - өскемендіктердің сүйікті «Шырақ жағу» акциясы бастау алды.
2005 ж. - «Шар - Өскемен» теміржол магистралінің құрылысы басталды.
2007 ж., ақпан - облыста мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылды.
2008 ж. - алғаш рет «Балаға жақын қала» халықаралық жобасына қосылды.
2008 ж. - облыстың мемлекеттік тілге көшу жылы.
2008 ж., 17 сәуір - Бұрынғы Пролетар көшесі Қабанбай батыр есімімен, Ушанов көшесі Қазақстан көшесі болып аталынды.
2008 ж., 9 мамыр - Ертіс және Үлбі өзендері арқылы көпірді қосатын жаңа транспорттық артерия - Жеңіс даңғылы іске қосылды.
2008 ж., 15 мамыр - Аблакетка ықшам ауданындағы бұрынғы Ермак атын иеленіп келген көшеге қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы, жерлесіміз Ж.Малдыбаевтың есімі беріліп, сол көшенің басталар тұсына ескерткіш тақта орнатылды.
2008 ж. - ҮМЗ-да конденсатор жасау саласында - отандық электронды өнеркәсіп үшін қажетті - сыйымдылығы жоғары тантал конденсаторлы ұнтақтары шығарылды.
2008 ж., 20 қазан - қалада оралман ағайындардың «Қазақстан – ата жұртым аңсаған» атты І өнер фестивалі өтті.
2008 ж., 11 желтоқсан - «Шар-Өскемен» жаңа теміржол желісі ашылды.
2009 ж. - Жамбыл атындағы театрдың қазақ труппасы Қарағандыда өткен 17 - республикалық фестивальға қатысып, Абайдың шығармашылық желісімен қойылған «Адам болып туған соң...» спектаклі үшін жүлделі үшінші орынды иеленді.
2009 ж., мамыр – «Туған жер – алтын бесігім» акциясы басталды.
2009 ж., 18 маусым - Шар-Өскемен темір жолы арқылы Алматы-Защита бағытындағы алғашқы жолаушылар поезы Защита станциясына келіп, «Шар-Өскемен» темір жолы түбегейлі іске қосылды.
2009 ж., 29 тамыз - Республика алаңына Абай ескерткіші қойылды.
2009 ж., 29 тамыз - Облыстық кітапхана ғимаратының алдына Пушкин бюсі қойылды.
2009 ж., 11 қыркүйек - Байланыс үйінің қабырғасына Қабанбай батырға арналған ескерткіш-тақта ілінді.
2009 ж., 20 қазан - «Жастар» саябағында үнді халқының ұлы ақыны, әрі ойшылы, Нобель сыйлығының иегері Рабиндранат Тагордың ескерткіш мүсіні ашылды.
2009 ж., 16 желтоқсан - «Өскемен» қалалық газетінің алғашқы нөмірі 2 тілде, 15 мың дана тиражбен шықты.
2009 ж. - қаланың негізі қаланған орны - Усть-Камень қамалының орналасқан жері - ежелгі Свято-Троицкий шіркеуі өзінің 200 жылдығын атап өтті.
2010 ж., 6 сәуір - Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза Шығыс өңіріне, атап айтқанда қасиетті Семей қаласына келді.
2010 ж., 8 мамыр - Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай қазақтың қайсар ұлы Қ.Қайсеновке қоладан бюст орнатылды
2010 ж., 27 мамыр, кешкі сағат 21.00 - қалаға кіреберістегі көпірдің аузындағы айналма жерге орнатылған «Астана-Бәйтерек» монументінің тұңғыш көшірмесінің ашылу рәсімі өтті. Мұнараның биіктігі 28,5 метр, салмағы 22 тонна.
2010 ж. – тұңғыш рет облыстық жыршылар байқауы өтті.
2010 ж. - Өскемен қаласында тұңғыш рет «Шығыс шынары» атты Халықаралық ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйра ҚР Кнституциясының 15 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абайдың 165 жылдығы және Өскемен қаласының 290 жылдығына арналды.
2010 ж. - Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың Сол жағалаудағы этнографиялық кешені ашылды.  
2010 ж. - мүсіншілердің халықаралық сипозиумы өз жұмысын бастады.
2010 ж. – ТМК-да титан құймасын өндіретін жаңа өндіріс орнының құрылысы басталды.
2010 ж. - Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында «НұрОрда» халықаралық мектебі пайдалануға берілді.
2010 ж. - Өскеменде бал Фестивалі өткізілді.
2010 ж. - мұз айдынды Спорт сарайына аты аңызға айналған хоккейші, олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Б.Александровтың есімі берілді.
2010 ж. 27 қазан – «Менің өлкем» газетінің алғашқы нөмірі шықты.
2011 ж. - «Туған жерге - тағзым» акциясы аясында, Шығыстан шығып, алыста жүрген жазушылар, ғалымдар, әртістер, басқа да әртүрлі өнер иелері туған аудандарының Өскеменде өткен күндерінде қатысып, қанаттанып қайтты.
2011ж., қаңтар - Азияда алауын қарсы алды.
2011 ж., ақпан  -  7-ші қысқы Азия ойындарында 17 алтын, 11 күміс, және 7 қола медальды иеленіп келген спортшыларды қарсы алды.
2011 ж. - Өскеменде алғаш рет «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өткізілді.

 

 



 

 

 

Мы в социальных сетях

Рухани жаңғыру

Оқырмандар қоржынынан

Бізді санайды

Рейтинг@Mail.ru Яндекс.Метрика

Материалдарды қолдану

Сайт материалдарын баспа, электронды немесе басқа түрде қолдануға тек www.kitaphana.kz сайтына сілтеме болғанда ғана рұқсат етіледі.

Серіктестік бағдарлама

Барлық кітапханалар мен өзге мекемелерді сілтемелермен алмасу және біздің мекемелер каталогына тіркелу мақсатында іскерлік бағдарлама мүшелігіне шақырамыз.

Сайттағы жарнама

Сайт бетінде жарнама орналастыру бойынша
+7(7232)25-03-64 телефоны және ukcbs@mail.ru
арқылы хабарласуға болады.