Тарбагатай

| Басып шығару |

Сапаев Ғазиз (1926 ж.)

Жазушы Ғазиз Сапаев Тарбағатай ауданының Ақмектеп ауылында дүниеге келді.
Жеті жасында тағдырдың жазуымен ата-анасымен бірге Қытайға өтті.
1943 жыл, мамырда 17 жастағы жасөспірім жігіт елге оралды. Ғазиз бірден еңбекке араласты және оқып білім алды.
Семейдегі мұғалімдер институтын тәмамдаған жас маман он жылдан астам мұғалімдік қызмет атқарды.
1959 жылы тамыз айында облыстық газет редакциясына ауысты. Сол жерде 1981 жылға дейін қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты.  Ғазиз Сапаұлы 1960 жылдан журналистер, 1974 жылдан Жазушылар одағының мүшесі. Баспадан жеті повесі, екі драмасы жарық көрді. Екі пьесасы Семейдің Абай атындағы сазды драма театрының репертуарынан орын алды. "Тойым-тойы", "Қиын екен қыз дегенің" драмалық шығармалары мыңдаған көрерменге ұсынылды.
Жазушы "Жыл жемісі", "Менің көгершінім", "Гүлдана", "Туған жерден алыста" тәрізді повестер мен әңгімелер жинақтарының авторы. "Туған жерден алыста" повесінің жалғасы "Сағыныш" романы баспада. Ғазиз Сапаев бұл романында Шыңжанда өткен (1933 -1943) жылдар аралығындағы өмірін баяндайды. 2001 жылы өмірдің соқтықпалы, бұралаң жолдарынан сүрінбей өтіп, елге оралған азамат, жазушы Ғ.Сапаев 75 жасқа толды.

Шығармалары:
Гүлдана:Повестер мен әңгімелер.- Алматы: Жалын, 1977.- 171 б.
Жол үстінде: Повестер.- Алматы: Жазушы, 1989.- 216 б.
Жыл жемісі: Повесть. Алматы: КМКӘБ, 1963.
Менің көгершініім: Повесть.- Алматы: Жазушы, 1969.- 68 б.
Туған жерден алыста: Повесть.- Алматы: Жалын, 1983.-208 б.

Өмірі мен шығармашылығы жайында:
Ахметбекова А. Алдыңда ағаң болған қандай жақсы // семей таңы.- 1999.- 5-11 тамыз.
Жұмаділ Қ. Қос қарлығаш // Қазақ әдебиеті.- 1986.- 10 қазан.
Сапаев Ғазиз // Советтік Қазақстан жазушылары/ Биобиблиографиялық анықтамалық.- Алматы: 1987, 523 б.

 

 

Аскербек Жанат

"Поэзия-адам көкірегінің ең алыс түкпірлеріне дейін шымырлап, жаңғырып, шулап, буырқанып жететін ең сұлу жан сыры, тұтас бір халықтың басынан кешірген рухани өмірінің көркем шежіресі.
Адамның сол ішкі жан-дүниесі шынайы адам сыры жайлы бүкпесіз ақтарыла сөйлегендіктен де нағыз поэзияның ғүмыры шексіз", - деп жазған болатын қазақтың дара туған ақыны Төлеген Айбергенов.
Бұл, негізінен, өлеңге, ақынға қойылатын қатаң талап деп түсінуге болатын қүнды пікір.
Осындай қатаң талап биігінен көрініп жүрген ақындардың бірі - Ж.Әскербекқызы, поэзия әлеміне өзіндік үнімен, табиғатына сай тәнтілі талантымен келген дарын иесі. Поэзия  тұнығына  терең  бойлап  жүрген  Алтай өңірінің аймаңдайлы ақын қызы,  Ж.Әбдірашов атындағы сыйлықтың лауреаты, бүгінде есімі республикамызға танымал жерлесіміз, шығыстың түлеп ұшқан түлегі Аймұханбетова Жанат Әскербекқызы 1966 жылдың 1-қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Құйған ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Жанаттың жастайынан сөз өнеріне, поэзияға құштар болып өсуіне әжесінің ықпалы зор болған.
Алғашқы өлендері мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, аудандық газет беттерінде, республикалық балалар және жасөспірімдерге арналған басылымдарда жарық көрген.

1981 жылы ауылдық мектепті бітіріп, С.М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Ол факультеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, студенттердің "Жас қалам" атты қабырға газетінің редакторы болады.
Ж.Әскербекқызының ақындық талантын сол кезде дәріс берген Р.Нұрғалиев, Т.Кәкішов, Ж.Дәдебаев сынды ұстаздары мойындаған. Жанаттың "Қара гүл", "Орамал" тәрізді өлеңдеріне қазіргі уақытта бард-сазгер ретінде танылып жүрген Т. Досымов ән жазып, бұл әндер ҚазМУ-дың студент-жастарының әнұранына айналады. 
Ал, ақынның «Сен және Мен» өлеңінің сөзіне жазған әнді қазақ эстрадасының танымал әншісі Меруерт Түсіпбаева өз репертуарында орындап жүр.
Жанаттың студенттік өмірінің соңғы жылы ұлт тарихынан ерекше орын алған 1986 - жылғы желтоқсан оқиғасына тұспа-тұс келеді. Бұл оқиға ақынның тағдырына да суреткерлік тұлға-бітіміне де үлкен әсерін тигізеді. Оның поэзиясындағы ұлттық мүддеден туындайтын ұлттық сананы ояту мотиві, ұлтжандылық сипат адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, тотаритарлық жүйенің қабырғасын қақырата сөккен осы оқиғадан бастау алған.
Ақын тағдырына ықпал жасады дейтініміз: тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан көзі ашық, көкірегі ояу, рухы биік қазақ жастарының қатарында ол да алаңға шығады. Қанды қырғынды өз көзімен көреді. Осы оқиғаға қатысқан жастарға үкімет тарапынан жүргізілген репрессияны өз басынан өткереді. Сол жылы оқу бітіріп, диплом алған ауыл жастарының бірде-біріне Алматыда қалуына рұқсат етілмей - Қазақстанның түкпір-түкпіріне жіберіледі. Алматыдан "қуылған" жастардың ішінде Ж.Әскербекқызы да болады. Оның астанада қалып, шығармашылықпен айналыссам деген үкілі үміті   жүзеге   аспай,   ауылға   қайтады.   Еңбек   жолын   өзі   оқыған мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастайды. 1988-жылы тұрмыс құрып, екі бала сүйеді.
1995-2000 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарады. 1999 жылы "Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты дәрежесін алды.
Қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.
Суреткер аталған өмір кезеңдерінде үнемі шығармашылық ізденісін шыңдап, табиғи дарынын дамыту үстінде болды. Ақын өлеңдері 1980-жылдардан бастап республикалық басылымдарда жарияланып келеді.
«Қарлығаш» (1995), «Қос таған» (2004) атты ұжымдық жинаққа өлеңдері енген. «Ғарыш билер ғүмырымды» (1999), «Қаңтардағы қызыл гүл» (2001), «Қаракөз-бұлақ» (2001), «Көк түріктер әуені» (2002) атты жыр жинақтары жарыққа шыққан.
1993 жылы ұйымдастырылған республикалық "Аққұс" ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Республикалық "Шабыт" шығармашылық жастар фестивалінің бас жүлдегері.
Ақын 1999 жылғы Президенттің атаулы стипендиясының иегері;
Республикалық "Шабыт" фестивалінде поэзия номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған;
2001 жылы Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының үшінші жүлдесін иемденді.
"Көк түріктер әуені" жинағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің он жылдығына арналған әдеби конкурста жүлделі үшінші орын алған;
2004 жылдың мамыр айының 14-де Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыруымен "Ғарыш билер ғұмырымды" атты шығармашылық кеші өтті.
Қазіргі сөз өнерінің жоғары мәдениетіне сай, өзіндік әшекей, ажарымен танылған Жанат жырлары-ұлттық поэзиямызға қосылған қымбат қазына.
Жанат ақын ойында тұнып тұрған тылсым қуатымен оқырманын тұтқындап, сиқырлы өлең жолдарына табындырып қояды. Кейде біздің поэзиямыздағы жаңа леп болып желпіп өтсе, кейде баба жыраудың жауқазын жұрнағындай тепсіне тіл қатады.
Ақын халықтың сүйікті де ардақты азаматтарының қатарында тұрады. Халық қалаулысы болу ақынның тілге шешен болуы ғана емес, сонымен бірге халық тұрмысының шындығын суреттеу, оның қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге қайғыруы, ақын сөзімен айтсақ:
«Ақын  болу -тағдыр, өлең жазу - тағдырдың тауқыметі»
Ақын  жүгінің  ауырлығын   белі   қайыспай   көтере   білу   тума талантқа ғана тән.