- Искусство
- Театр тарландары
Театр тарландары
Аймағамбетов Ақкенже
«Еңлік-Кебек» пьесасының ең алғашқы қойылымына қатысушылардың бірі.
1896 жылы бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысындағы 4-ауылда туған.
Ауыл мектебінде мұсылманша оқып білім алған. 1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеуметтік ісіне араласып, уездік, облыстық қазақ комитетінің жұмысына қолғабыс жасады, қаржылай жәрдем берді. Шыңғыстағы «Талап» игілік ұйымының құрылтайшысы болды.
М.Әуезовтің басшылығымен әрі режиссерлігімен киіз үйде алғаш қойылған «Еңлік - Кебек» спектаклінде Кебектің рөлін ойнады. Алашорда жасақтары қатарында болған азамат. Алаш әскерін көлікпен, ақшалай қаражатпен жабдықтауға зор үлес қосқан. Қызылдармен шайқаста қол бастап, ерлігімен көзге түсті. 1928 жылы тәркіленіп, отбасымен Сырдария округіне жер аударылды.
1932 жылы Сырдария округінде қайтыс болған.
Аралбай Төлеубек
Актер, Қазақстаның еңбек сіңірген әртісі (1995). 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны, 1994 жылы Өнер академиясының режиссерлік бөлімін бітірген.
Семей облыстық драма театрында, Қазақ академиялық драма театрында актер болып қызмет атқарған. Дарынды актер 40-қа жуық басты рөлдерді, атап айтқанда, У.Шекспирдің «Корлианында» - Корлиан, И. Ғайыптың «Мен ішпеген у бармасында» - Абай, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде» - Едіге, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» - Амангелді, тағы басқа рөлдерді сомдаған. Гастрольдік сапармен Иран, Мысыр, Германия, Ресейде болып, өнер көрсеткен. «Қарашегіртке» телехикаясына және «Аждаһа жылы» (Қытай) көркем фильміне түскен. Алматы эстрада және цирк өнері колледжінде дәріс береді.
Атаханов Нуритдин Мұхаметқалиұлы
Актер, Қазақстанның халық әртісі (1958). 1905 жылы Өскемен қаласында туған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1924-34 жылы әр түрлі орындарда қызмет атқарған. Сахналық жолын 1922 жылы Өскемен қаласындағы қазақ-татар труппасының спектакльдеріне қатысудан бастады. 1930-40 жылдары Алматы, Қарқаралы, Қарағанды, Семей, Павлодардағы қазақ театрларында жұмыс істеген.
Атаханов сомдаған бейнелер ұлттық бояуының айқындылығмен, табиғи шынайылығымен ерекшеленеді. Абай (М.Әуезовтің "Абай" трагедиясында), Кебек ("Еңлік - Кебекте"), Казанцев ("Түнгі сарында"). Құнанбай ("Абай" бойынша), Амангелді (Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің "Амангелдісінде"), Қодар, Қарабай, Науан, ("Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Ақан сері-Ақтоқтысында"), Бекзад (Н.Хикметтің «Махаббат жайындағы аңызында») т.б. рольдерді ойнады. Атаханов режиссерлік жұмыспен айналысып, Әуезовтің "Айман - Шолпан" (1936) мен «Түнгі сарын» (1937), Мүсіреповтің "Амангелді, Ф.Шиллердін "Зұлымдық пен махаббат"(1946) пьесаларын және Е.Г.Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Ер Тарғын" операларын қойған. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған.
1974 жылы Семей қаласында жерленген.
Әбдірахманова Гүлсім
Актриса, Қазақстанның халық әртісі (1964). 1917жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы, Нұра ауданында дүниеге келген.
Алматы театр училищесін бітірген (1937). Сол жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық музыкалық драма театрында еңбек етті. Әбдірахманова жасаған сахналық көркем бейнелер Еңлік, Қарлыға, Айман. Теңге, Алтыншаш, Мөржан (М.Әуезовтің "Еңлік - Кебек", "Қара қыпшақ Қобыланды", «Айман - Шолпан», «Ақ қайың» және «Қарагөзінде»), Жер-ана (Ш.Айтматовтың «Ана-жер-анасы» бойынша, Миллионер әйел (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтың «Ой, жігіттер-ойында»), т.б. рольдерді айрықша атауға болады. Кейінгі жылдары қойылған аударма спектакльдерде де басты рольдерді орындады. Олардың қатарында Софья (Б.А.Александровтың «Малиновкадағы тойында»), Телли (У.А.Гаджибековтың «Аршин мал алаңында»), Климентина мен Елена (И.О.Дунаевскиийдің «Еркін желі» мен «Шалқар теңізінде») бар.
1970 жылдың 7 қазанында Семей қаласында дүние салды.
Әкелеев Сахан
Актер, режиссер, сазгер. 1958 жылы 15 желтоқсанда Тарбағатай ауданының Тасбастау ауылында дүниеге келген.
Шілікті орта мектебін бітіріп, әскери борышын өтегеннен соң, 1979-1980 жылдары Өскемен мәдени-ағарту училищесінде режиссер мамандығы бойынша оқыды. 1981-1983 жылдары «Қазақстан» телеарнасында жүргізуші болды.
Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын профессор А.Тоқпановтың сыныбы бойынша бітірді. Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясында Б.Жылысбаевтың сыныбы бойынша тәлім алды. Консерваторияны бітірген соң халық әні кафедрасында ұстаздық етті.
Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблін ұйымдастыруға атсалысып, сол ансамбльдің көркемдік жетекшісі болған. Жетекші бола жүріп, 1994 жылы осы аталған әскери ансамбльде «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрды. Бұл өнер ұжымы бірнеше әскери ән фестивальдарының лауреаты атанған.
2005-2006 жылдары Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы музыкалық драма театрының актері болып, музыкалық, драмалық рөлдерді сомдады. Бірнеше көркем фильмдерде әр түрлі рольдерді ойнады.
2006 жылы «ТұранӘлемБанкінің» «Әлем-АРТ», «Ақсарай» мюзикл театрында актерлерге дауыс қоюдан дәріс берген. Сонымен қатар Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы театр өнері факультетінің жеке ән салу кафедрасында аға оқытушы болды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі.
С. Әкелеевтің «Ұлыма», «Жастық дәурен», «Мөлдір сезім», «Жас ұлан», «Қазақстаным» атты әндері бар.
2009 жылы 12 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өткен «Шығыс жұлдыздары» жобасының авторы әрі продюсері, 2010 жылы 23 ақпанда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Б. Момышұлының 100 жылдығына арналған «Батыр Бауыржан» атты үлкен кештің режиссері әрі сценарисі болды.
С.Әкелеев – ТМД елдері саяси әндер фестивалінің, республикалық бірнеше әскери-саяси патриоттық ән фестивальдерінің, халықаралық ән байқауының лауреаты. ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
2011 жылдың наурыз айында РФ Мордовия Республикасының Саранск қаласында өткізілген VI халықаралық театр фестиваліне ШҚ облыстық Жамбыл атындағы драма театрының шығармашылық тобы театрдың директоры және көркемдік жетекшісі С.Әкелеевтің басшылығымен қатысып, Балтық және ТМД елдерінің орыс драма театрлары арасында жүлделі бірінші орынға ие болды.
Әуезбаева Раушан
Актриса. 1936 жылы 13 желтоқсанда Ұлан ауданының Қабай ауылында дүниеге келген.
1959 жылы Алматы өнер институтын профессор А.Тоқпановтың жетекшілігімен бітірген. 1958-1959 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры құрамында хор әртісі, 1960 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрында актриса болды. Актрисаның ойнаған рөлдері қатарында Шәріпжамал (Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіптісінде»), Нұрсұлу (Қ. Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Қыздарайында», Айнаш, Майра (Ә. Тәжібаевтың «Той болардасында», Әңке (З.Ақышевтің «Жаяу Мұсасында»), Торғай (Қ.Сатыбалдиннің «Қабаған итінде»), Еңлік, Айман (М. Әуезовтің «Еңлік - Кебек» және «Айман - Шолпанында»), Сәруар (Ж.Файзидің «Башмағымында»), Қыз (Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ерінде»), Арина Пантелеймоновна (Н. Гогольдің «Үйленуінде»), Анарда (Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббатында»), тағы басқалары бар.
1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.
1963 жылдан киноға («Менің атым Қожа», «Даладағы қуғын», т.б.) түскен. Радио қойылымдарға және дубляжға қатысқан. 1966 жылдан Қазақ академиялық драма театры жанындағы театр студиясында педагогтік қызметпен айналысты.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталган.
1984 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.
Байкенов Райысхан
Актер, Қазақстанның енбек сіңірген әртісі (1944).
1906 жылы Ұлан ауданының Ұшқұлақ ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) театр училищесін бітірді. 1935 жылдан Шымкент облыстық драма театрында жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Актер талантының сан қыры Б.Майлиннің «Шұғасында» - Әбіштің, Ж.Шаниннің «Арқалық батырында» - Әжіханның, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» - Миллердің, М. Әуезовтің «Еңлік - Кебегінде» - Көбейдің, «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Қобыландының, «Түнгі сарынында» - Қыдырбайдың, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Науан хазіреттің, Н.Гогольдің «Ревизорында» - судьяның, тағы басқалардың рөлдерінде сәтті көрінді.
1978 жылы Шымкент қаласында қайтыс болған.
Баймағамбетов Рамазан
Актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 1949 жылы Абыралы ауданының «Дегелең» кеңшарында дүниеге келген.
Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, аудандық, облыстық сайыстарда көзге түсті. Қарағандының Тәттімбет атындағы музыкалық училищесінде тәлім алды. Училищеде оқи жүріп драма театрында өнер көрсете бастайды. Ақыры өнердің осы саласына біржола бет бұрып, сахнада «Дос - Бедел Достағы» Жаппас, «Ақкемедегі» Момын шал, «Жақсы кісідегі» Ахмет Хазин, «Мұрагерлердегі» Сызғанов, «Ата парызындағы» Өсербай, «Құлыным менінде» Бозтайлақ, «Отыз ұлың болғаншада» Агабо, «Волоколамск тас жолында» Панфилов, «Ұлпанда» Есеней, «Алдар Көседе» Шығайбай, «Күйеу болса, қыз дайында» көрші, «Әділет азабында» Бостон, «Таңғы жаңғырықта» Жарасбай бейнелерін сомдады.
Қарағандының С. Сейфуллин атындағы, Ақмоладағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрларында еңбек еткен Рамазан кейін актерлікпен қоса режиссерлік мамандықты игеріп, «Танакөз», «Ғашықтар болмайтын ғасыр», «Қаз дауысты Қазыбек», «Алпамыс», «Мазар», «Әйел махаббаты» сияқты спектакльдерді сахналады.
2008 жылдың 2 шілдесінде дүниеден өтті.
Байырманов Хасен
Актер, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 1905 жылы туған. Мәскеудегі Орталық өнер техникумын бітірген.
1930 жылы Қазақ драма театрына қабылданып, М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегіндегі» Жапалдың, Ж.Шаниннің «Шахтасы» мен «Торсықбайындағы» жалшының рөлдерін ойнап, актерлік өнерге бейімділік танытады. 1934 жылы ашылған Семей театрында өмірінің соңына дейін еңбек етті. Мұнда М. Әуезовтің пьесалары бойынша қойылған қойылымдардың бәріне қатысып, Жантық, Қараменде би, Төлеген, Қоңқай, Қарабай және тағы басқа рөлдерде ойнаған.
Халық әндерін орындауда өз ерекшелігімен танылды. Иса Байзақовтың «Желдірмесін» өзгеше айтатын әншілердің бірі болған.
1986 жылы қайтыс болды.
Дәрменқұлов Мейрамғали
Режиссер. 1969 жылы 5 наурызда бұрынғы Үржар ауданының Қарамойыл ауылында туған.
1986 жылы Үржар ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітірді. Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы мәдениет училищесінің мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бөлімін тәмамдап, осы училищеде ұстаздық етті. Кейінірек Ресейдің Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік мәдениет институтында режиссер мамандығы бойынша оқыған.
1997-1998 жылдары Семей облыстық мәдениет басқармасында бас маман болып жұмыс істеді. А.Құнанбайұлының 150 жылдығына, Үржар ауданының 80 жылдығына арналған, тағы басқа көптеген мәдени іс-шаралардың сценарийлерін жазып, қойылымдардың режиссерлігін атқарды. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрында, мәдениет басқармасының шақыруымен, әлем классигі Жан Батист Мольердің шығармасы бойынша спектакль қойып қайтты.
2008 жылдан Үржар аудандық Мәдениет үйінің жанына құрылған «Керуен» театрына жетекшілік етіп келеді. Аталмыш театр өнердегі жетістіктері үшін «Халықтық театр» атағын иеленді. Театр сахнасында қазақ және шетел драматургтерінің шығармалары қойылып келеді.
Есдәулет Рүстем
Режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург. 1977 жылы туған. Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі бас режиссері қызметін атқара жүріп, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған.
Қазақ көрермені үшін Рустем актер ретінде де танымал. Белгілі «Лаве» фильміне түскен.
«Бөрінама» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «XXI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген.
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кино-фестивалінде «Бес тиын» көркем шығармасы үшін арнайы марапатқа ие болды. Р.Есдәулетов негізінен психологиялық драма қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. Адам мінезіндегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін. Рүстем Есдәулетов қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым жасап үлгерген.
2009 жылы труппа Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Рүстемнің жұлдызды жеңістері алда еді, өкінішке орай қазақтың аймаңдай талантты ұлы 2009 жылдың 25 қарашасында кенеттен көз жұмды.
Есенғұлова Шахарбану
Актриса, ҚР еңбек сіңірген әртісі (1980).
1946 жылы 16 мамырда Тарбағатай ауданында дүниеге келген.
КСРО мемлекеттік Ленин орденді академиялық кіші театры жанындағы И.Щепкин атындағы театр училищесінің драмалық театр және кино факультетін бітірген (1972).
1964-1967 жылдары Тарбағатай ауданындағы орта мектепте музыка пәнінен сабақ берді. Торғай, Жезқазған, Орал облыстық қазақ драма театрларында актриса болды. 2001 жылдан Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының актрисасы.
Жаңбырбаев Әбілқасым
Актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі (1970). 1927 жылы Абай ауданында дүниеге келген. Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастады.
1942 жылы Семей облыстық музыкалық драма театрына қабылданды. Алғашқы ролі - Молда бейнесі (Б.Майлиннің «Жалбырында»). Актер Сырым, Кебек (М.Әуезовтің «Қарагөзі» мен «Еңлік-Кебегінде», Науан, Қарабай (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысы» мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында»), Дүрбіт (Ә.Тәжібаевтың «Майрасында»), Арыстан (Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасында»), Алдар Көсе (Ш.Құсайыновтың осы аттас пьесасында), Хлестаков (Н.В.Гогольдің «Ревизорында»), Труффальдино (К.Гольдонийдің «Екі қожайынға бір қызметшісінде»), Диуана (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Аршин (У.Гаджибековтің «Аршин мал алаңында»), тағы басқа көптеген сахналық тұлғалар жасады.
Режиссер ретінде С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы», А.Шамкеновтің «Адасқан қаз», Б.Мұқайдың «Қош бол, менің ертегім», тағы басқа пьесаларды сахналады. Ол бірнеше кинофильмдерге түсіп, Құдайменде («Қан мен терде»), Орақбай («Жаушыда»), Ержан («Көгілдір тұмарда»), тағы басқа бейнелер жасады. Жаңбырбаев – толғаныс пен ішкі көңіл күй арпалыстарына ерекше көңіл бөлетін сахна шебері. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
Жұмағұлов Оразғали
Актер, әнші. 1911 жылы Абай ауданында дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ драма театрының студиясын бітірген. 1930 жылдары Риддер қорғасын зауытында жұмысшы бола жүріп, осындағы Жұмысшы жастар театрының спектакльдсріне катысады. 1933-1941 жылдары Қазақ академиялық драма театрында актер болады.
Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясындағы Қозы рөлінің тұңғыш орындаушысы. Ойнаған рөлдері қатарында Жағыпар (С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында»), Серік (Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде»), Вася (Н.Погодиннің «Менің досымында»), тағы басқа бейнелер бар.
Даңқ орденімен марапатталған. 1944 жылы 11 маусым күні майданда ерлікпен қаза тапты.
Имаханов Бекен
Актер, Қазақстанның халық әртісі (1981). 1936 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. 1959 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1959 жылдан Семей облыстық музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді.
Тұңғыш ойнаған ролі Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» спектакліндегі Қодар. Имаханов сахнада Ақан, Бекежан (Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысы» мен «Қыз Жібегінде»), Абай (М.Әуезов пен Л.Соболевтің осы аттас трагедиясында), Қобыланды, Кебек ( Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысы» мен «Еңлік - Кебегінде»), Бауыржан Момышұлы (А.Бектің «Волоколам тас жолы» бойынша қойылған спектакльде), Дуанбасы (Н.В.Гогольдің «Ревизорында»), Құрманғазы (М.Ибраевтің «Кісен ашқанында»), тағы басқа рольдерді орындады.
Актер 1971-72 жылғы театр маусымында Қазақ академиялық драма театрына шақырылып, бірнеше спектакльге (Файзидің «Башмағындағы» Тыңшы ролі, т.б.) қатысып ойнады. Имаханов «Шәкәрімнің соңғы күзі» атты толық метражды фильмде Шәкәрім бейнесін жасады.
Иісова Тұратай
Актриса, Қазақстанның халық әртісі. 1931 жылы 15 қазанда дүниеге келген.
1953 жылы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын бітірген.
1956 жылдан өмірінің соңына дейін Семей қазақ музыкалық драма театрында актриса болды.
М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Қарлыға, «Еңлік - Кебегінде» Еңлік, «Абайда» - Әйгерім, Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері Ақтоқтысында» - Ақтоқты, «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» - Мақпал, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» - Жәмила, «Ана - Жер-анасында» - Әлиман, Б.Майлиннің «Щұғасында» - Күлзипа, А.Штейннің «Толасында» - Тата Нерадова, Д.Исабековтің «Әпкесінде» - Әпке, тағы басқа көптеген классикалық, трагедиялық, комедиялық, психологиялық, драмалық бейнелерді сомдады.
1994 жылы 10 шілдеде Семей қаласында қайтыс болған
Кәкеев Ораз
1937 жылы Зайсан ауданы, Кеңсай ауылында туған. Әнші, актер, режиссер, импровизатор, КСРО Мәдениет Министрлігінің үздік қызметкері, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері. 1955 жылы М.Әуезов мектебін бітіріп, кәсіптік-техникалық училищеге түсті. Сол жылы училище атынан республикалық әншілер конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды (17 жаста еді). Жюри мүшелері Е.Серкебаев, Б.Төлегенова консерваторияға қал деп ұсыныс жасады. 1958 жылы әскери борышын өтеу үшін Белоруссияға Брест қамалына келеді. Әскери округтік әншілер байқауында жеңімпаз атанып, Александров атындағы ән-би ансамбліне шақырылады. 1961 жылы Зайсан халық театрының режиссері болып, театрда көркемөнерпаздар өнерін дамытып, спектакльдер қояды.
1963 жылы Ақжар-Зайсан бірігіп, яғни екі аудан Республикалық юнкурста жеңімпаз атанып Москваға жолдама алады. М.Әуезовтың «Қарагөзінде» - Сырым, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» - Оспан бейнелерін сомдады. Кремль сахнасында жасаған 2 образ да Москва жұртшылығын дүр сілкіндірді. Осы еңбсгі жоғары бағаланып, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен 23 жасында ардақталды. Кинофильмге түсті. 1970-1972 жылдары Марқа өңірінің өнерін көтеріп, «Халық театры» - атағын алуға көп тер төгеді. 1973 жылы Алматыдағы ішкі істер ансамблінде әнші болып үлкен табысқа жетіп, алғысқа бөленді.
1974 жылдан өмірінің соңына дейін (2002 жыл) Зайсан театрында режиссер болды. «Айнакөл» ансамблін құрып, «халықтық» атаққа жеткізді. 1974 жылы алғаш рет Зайсан өңірінде ұмыт болған ата-баба дәстүрін жалғап, жаңа салт «Беташар» жасады. Оны үнемі үйлену тойлардың бәрінде айтып, үгіттеп көптеген шәкірттеріне үйретті. 1973 жылы облыстық қазақша күреске қатысып, ауыр салмақтан 93 кг-да 1 орынды жеңіп алды.
1984 жылы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген ақындар айтысында термеші ретінде бас жүлдені алды.
1987 жылы Москвада өткен 15 республика қатысқан ән-би мерекесі фестиваліне қатысып, ВДНХ-ның медалімен және лауреат медалімен марапатталды.
1988 жылы мамырда Болгар Халықтық Республикасында қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрамында ән салды (Пловдив, София қалаларында). 2001 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтан алғысхат алды. Жұбайы Күлзипа да өлкемізге танымал әнші болды.
Қыдыралин Сіләмбек
Актер, Қазақстанның халық әртісі (1954).
1908 жылы 20 қазан күні Абай ауданында дүниеге келген.
1927-1930 жылдары Семейдегі қазақ мектебінде білім алып, ауылдық мектепте бала оқытты. Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курста дәріс алды (1933). Осында жүріп қаладағы драма үйірмесіне қатысты.
1934 жылы Семейде облыстық қазақ драма театры (қазіргі облыстық қазақ музыкалық драма театры) ұйымдастырылғанда осы ұжымда еңбек етті. Кебек, Еспембет, Қобыланды, Абай (М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегінде», «Қара қыпшақ Қобыландысында» және Л.Соболевпен бірге жазған «Абайында»), Тарғын, Бекежан (Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Қыз Жібегінде»), Балуан (Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Актоқтысында»), Дуанбасы (Н.Гогольдің «Ревизорында»), Назар (А.Александровтың «Малиновкадағы үйлену тойында») секілді көптеген кейіпкерлер бейнесін сомдады. Кино өнеріне де атсалысты. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
1983 жылы 27 ақпанда Семей қаласында қайтыс болды.
Манап Мұхтархан
Театр және кино актері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі (1978).
1943 жылы 15 наурызда Күршім ауданының Сарыөлең ауылында дүниеге келген.
М.Щепкин атындағы КСРО академиялық кіші театры жанындағы театр училищесінің актерлік факультетін бітірген (1972).
1958 жылдан кеңшарда жұмысшы, жүргізуші және 1972 жылдан Жезқазған, 1990 жылдан Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрларының әртісі болды. 2005 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының директоры.
ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған (1975). Қазақ КСР-інң Құрмет кітабына енген (1976).
Маципуло Олег
Актер, режиссер.
1948 жылы 17 ақпанда дүниеге келген.
1974 жылы Владивостоктағы театр және өнер институтының режиссерлік бөлімін бітірген.
Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының режиссері.
Бірнеше пьесаның, 50-ге тақау актерлік, 40-тан астам режиссерлік жұмыстың авторы. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттік театрының көркемдік жетекшісі.
Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының құрмет белгісімен марапатталған. ҚР мәдениет қайраткері.
Омаров Ақыш
Актер, мәдениет қайраткері.
1955 жылы 15 қазанда Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылында дүниеге келген.
Алматы қаласындағы театр және көркемөнер институтын бітірген.
1982-1985 жылдары Семейдің Абай атындағы драма театрында, 1985-2003 жылдары Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы драма театрында, 2003-2005 жылдары Астана қаласындағы М.Горький атындағы орыс драма театрында еңбек етті, 2005 жылдан Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында жұмыс істеп келеді.
1992 жылы Е. Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» спектакліндегі жетістігі үшін Жастар сыйлығының иегері атанды. 2001 жылы ҚР Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.<
Оразбеков Әлімбек
Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2000).
1953 жылы 27 мамырда Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін (1975), Алматы мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтының актерлік факультетін драма режиссері мамандығы бойынша (1993) бітірген.
1975 жылдан Талдықорған драма театрының актері болды. 1994 жылдан қазіргі уақытқа дейін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының бас режиссері.
ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет Грамотасымен (2002) марапатталған.
Өгізбаев Жағда (Жаһуда)
Актер, Қазақстанның енбек сіңірген әртісі (1962).
1912 жылы 1 каңтар күні Ұлан ауданында туған.
1935 жылы Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны бітірген. Сахналық жолын 1931 жылы Риддердің Жұмысшы жастар театрынан бастады. 1933-1962 жылдары Қазақ академиялық драма театрында еңбек етіп, Кебек, Жүніс, Сапар, Ербол, Алшағыр (М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек», «Түнгі сарын» «Тастүлектер», «Сын сағатта» және «Қара қыпшақ Қобыландысында»), Махамбет (М.Ақынжановтың «Исатай -Махамбетінде»), Жанбозов (М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясында»), Айбас (Ә.Әбішевтің «Қырағылығыңда») сияқты күрделі, сан алуан сахналық рөлдерді орындады.
Кино өнерінде Толағай («Алып туралы әнде», 1942), Әбіш («Абай әнінде», 1945), Малбағар («Дала қызында», 1954), Өтеш («Бұл Шұғылада болған едіде», 1955) бейнелерін сомдады.
1948 жылдан Қазақ академиялық драма театры студиясында педагогтік қызметпен шұғылданды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 2 рет «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
1962 жылы 8 қазанда Алматы қаласында қайтыс болған.
Попов Евгений Васильевич
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1960). 1928 жылы Үлкен Нарын ауылында туған. Орыс академиялық драма театры жанындағы студияны бітірген (1948). Сол жылдан Орыс академиялық драма театрында актер. Осы театрда 40 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп, орыс, қазақ және шет ел драматургтерінің пьесаларында ойнады: Ипполит, Дороднов (А.Н.Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермесі» мен «Кешіккен махаббатында»), Гогин, Нил, Яков Бардин (М.Горькийдің «Жауыздар», «Тоғышарлар», «Жауларында»), Хлестаков (Н.В.Гогольдің «Ревизорында»), Жүніс (М.Әуезовтің «Түнгі сарынында»), Освальд (У.Шекспирдің «Король Лирінде»), тағы басқалар бар. Сондай-ақ, киноға «Дала қызы» (1954), «Мазасыз көктем» (1956), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957), «Ән шақырады» (1961), «Көкжиек» (1972), тағы басқаларға түскен.
1997 жылы қайтыс болған.
Рақымов Әубәкір
Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998). 1950 жылы Үржар ауданы, Таскескен ауылында дүниеге келген.
1968 жылы Қазақ академиялық драма театры жанындағы актерлік студияны бітіреді. 1968-1970 жылдары Жамбыл облыстық драма театрында актер, 1972-1974 жылдары Қызылорда облыстық қазақ драма театрында актер, режиссердің ассистенті болып еңбек етті. 1979 жылы Мәскеудегі театр өнері институтын бітірген. Сол жылдан Қазақ академиялық театрында режиссер.
Рақымов 50-ден астам спектакльдер сахналаған. Олар: Р.Сәрсенбаевтың «Түнгі диалог», Н.Хикметтің «Фархад-Шырын», А.Сүлейменовтің «Төрт тақта - жайнамаз», «Жетінші палата», «Кек», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Ж.Б.Мольердің «Ақымақ болған басым-ай», М.Әуезовтің «Қилы заманы бойынша, Б.Майлиннің әңгімелері бойынша «Сабатаж», Ф.Буляков «Отыз ұлың болғанша...», тағы басқалар. Олардың бірқатары республикалық театр фестивальдарының жүлделерін иеленген. Қазір Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаз. Махамбет атындағы сыйлықтың иегері ( 1996).
Сақатов Марат
Режиссер. 1947 жылы 27 тамызда Марқакөл ауданының Ақбұлақ ауылында дүниеге келген.
1966 жылы Боран орта мектебін бітіріп, 1970 жылдарға дейін ішкі істер бөлімінде қызмет етті. 1976 жылы Мәскеудегі жоғарғы театр училищесін сырттай бітірді.
1975-1977 жылдары Марқакөл халықтық драма театрында режиссер болып, сахнаға «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Абай», «Ақан сері - Актоқты», тағы басқа кесек туындыларды шығарды. Марқакөл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Өскемен мәдени-ағарту училищесінің оқытушысы, Семей облыстық драма театрының режиссері ретінде де өзін таныта білді.
1987 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, Қазақ драма театрында редактор қызметін атқарды. Ал 1990 жылдан өмірінің соңына дейін «Тамаша», «Бауыржан-шоу» ойын-сықақ отауында режиссер болды.
Сықақтары бірнеше кітап болып жарық көрген.
2000 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында дүниеден өтті.
Салықов Мақсұт
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1966). 1927 жылы Ұлан ауданында дүниеге келген.
1952 жылы Алматы театр училищесін бітірді. 1952-56 жылдары қазіргі Семей музыкалық драма театрында, 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Жамбыл драма театрында актер болды.
Ол Қодар, фон-Эберсман, Мирошкин ( Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Амангелді» және «Қазақ солдатында»), Базаралы, Қазан, Көтібар (М.Әуезовтің «Абай», «Қара қыпшақ Қобыланды» мен «Айман – Шолпанында»), Мәлік (Ә.Тәжібаевтің «Көңілдестерінде»), Тағдыр (Ә.Әбішевтің «Белгісіз батырында»), Таласбай (Ш.Құсайыновтың «Тоты-Тамиласында»), Хасен (Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтің «Беу, қыздарайында»), Забелин (Н.Ф.Погодиннің «Кремль куранттарында»), Дуанбасы, Яичница (Н.В.Гогольдің «Ревизоры» мен «Үйленуінде»), тағы басқа рольдерді орындаған.
1977 жылы 25 тамызда қайтыс болды.
Сәкиева Күләш
Актриса, әнші, Қазақстанның халық әртісі (1958). 1920 жылы Зайсан қаласында дүниеге келген.
1941 жылы Алматы театр училищесін бітірген. Сол жылы Жамбыл облыстық драма театрының труппасына қабылданады. Осы театр сахнасында Еңлік (М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегінде»), Баян, Қыз Жібек (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуы», «Қыз Жібегінде»), Луиза (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), тағы басқа рөлдерді орындады.
1952 жылдан Семей музыка драма театрында еңбек етеді. Мұнда Жүзтайлақ (Әуезовтің «Түнгі сарынында»), Ақтоқты, Қамқа (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысы» мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында»), Бану (Н.Хикметтің «Махаббат туралы аңызында»), Ақжүніс (Е.Брусиловскиийдің «Ер Тарғынында»), тағы басқа рөлдерді сомдады.
Сәкиева әнші ретінде де танылды. 4-сайланған Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты. Екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
Сүлейменов Ғабдөш
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1976). 1928 жылы Жарма ауданы, Қазаншұңқыр елді мекенінде дүниеге келген.
1949 жылы Алматы театр училищесін, 1952 жылы Ташкенттің театр-көркемсурет институтын бітірген. Сол жылдан Қазақ академиялық драма театрында актер болып қабылданып, өмірінің соңына дейін аталмыш театрда жемісті еңбек етті.
Сүлейменовтің ойнаған рольдері қатарында: Қозы, Қодар, Қарабай (Ғ.Мүс border=іреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында»), Әзімхан (М.Әуезовтің Л.С.Соболевпен бірге жазған «Абайында»), Еспембет, Көбікті, Нарша (М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек», «Қара қыпшақ Қобыланды» мен «Қарагөзінде»), Хасен (Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтің «Беу, қыздар-айында»), тағы басқалар бар.
Сүлейменов киноға да түсіп: Аңшы жігіт («Ұлы жердің заңы», 1949), «Кездеспей кеткен бір бейне», «Қара маржан», «Омпа», тағы басқа фильмдерде рольдер ойнады.
1998 жылы дүниеден өтті.
Сыбанов Болат
Актер, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1987). 1938 жылы Жаңа Семей ауданы, Изатолла ауылында дүниеге келген.
1957 жылы Семей облыстық музыкалық драма театрына қабылданады. Ол Қозы, Төлеген (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібегінде»), Асан (М.Әуезовтің «Қарагөзінде»), Әбіш (Б.Майлиннің «Шұғасында»), Жаяу Мұса (З.Ақышевтың осы аттас спектаклінде), Досым (Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде»), Елисатов (К.А.Треневтің «Любовь Яроваясында»), Иван Позднышев (А.П.Штейннің «Толасында»), Әскер ( У.А.Гаджибековтың «Аршин мал алаңында», тағы басқа рольдерді сомдады. 1977 жылы өткен республикалық әншілер байқауының лауреаты.
1998 жылы Семей қаласында дүниеден өтті.
Тәпенов Ерсайын
Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1995). 1945 жылы 16 қазан Семей қаласында дүниеге келген.
1968 жылы Мәскеу қаласындағы театр өнері институтының (қазіргі Ресейдің театр өнері академиясы) режиссерлік бөлімін (педагогтері Н.П.Охлопков, А.В.Эфрос пен В.Д.Дудин) бітірді. 1974-76 жылдары Мәскеудің Сатира театрында тәжірибе жинақтаудан (В.Н.Плучектің жетекшілігімен) өтті.
1968-74 жылдары қазіргі Семей музыкалық драма театрында режиссер, 1976-79 жылы бұрынғы Торғай облыстық музыка драма театрының, 1979-90 жылы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының, 1990 жылдан Павлодар облыстық музыка драма театрының бас режиссері.
1970-90 жылдары қойған спектакльдері: М.Әуезовтің «Айман – Шолпаны» мен «Дос – Беделдосы», Ғ.Мүсреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысы» мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Б.Майлиннің «Шұғасы», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасы», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» мен «Күшік күйеуі», Ә.Таразидің «Жақсы кісісі», Д.Исабековтің «Әпкесі», О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыры», Н.А.Островскийдің «Құрыш қалай шынықтысы», А.П.Штейннің «Толасы», О.Ш.Иоселианидің «Арбаң аман болсыны», Н.В.Гогольдің «Үйленуі», Еврипидтің «Медеясы», У.Шекспирдің «Асауға тұсауы» тағы басқалар.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986).
Токарев Михаил
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.
1948 жылы 28 тамызда Семей қаласында дүниеге келген.
1970 жылы Новосибирск театр училищесін тәмамдаған. ҚазМУ-ді бітірген.
1973 жылдан Орыс академиялық драма театрының актері. Театр қайраткерлері одағының вице-президенті қызметін атқарған.
Төленбаев Жанқалдыбек
Актер.
1973 жылы 3 маусымда Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1980-1990 жылдары Ақсуат орта мектебінде оқиды.
1990-1991 жылдары аудандық Мәдениет үйінде кино-
механик болған.
1995-1999 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында Р.Машурованың сыныбы бойынша оқыған.
1999 жылдан Қ.Қуанышбаев атындағы Астана музыкалық драма театрыңда қызмет істеп келеді. 2004 жылдан «Астана-думан» әзіл-сықақ театрында және 2006 жылдан Президенттік мәдениет орталығының Ұлттық дәстүрлі театрында қосымша қызмет атқарады. 2007 жылдан «Астана» телеарнасындағы «Езутартар» бағдарламасын жүргізуші.
2001 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, 2002 жылғы «Тазша бала» байқауының Гран-при иегері. 2004 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері одағының, 2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Шәженов Халел
Актер, режиссер.
1908 жылы 25 наурыз күні Жарма ауданында дүниеге келген.
1932-1934 жылдары КазПИ-де оқыды. 1938 жылы Ленинград (Санкт-Петербург) сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітірді. Сол жылы Шымкент облыстық қазақ драма театрына қабылдаңды. Осы театрда актер, кейіннен режиссер болып қызмет етті.
Театрда қойылған слектакльдерде Чапаев (Д.Фурмановтың осы аттас спектаклінде), Президент (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Березовский (М.Әуезов пен Ә.Тәжібаевтың «Ақ қайыңында»), Бекежан (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде»), тағы басқа рөлдерді орындады.
Режиссер ретінде М. Әуезовтің «Еңлік - Кебегін», «Айман - Шолпанын», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Корпеш - Баян сұлуын», «Ақан сері-Ақтоқтысын», М.Ақынжановтың «Исатай -Махамбетін» сахналады.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1943 жылдың 25 шілдесінде Украина жеріндегі Харьков қаласының маңында қайтыс болған.