1. Искусство
  2. Барлықов Ғабдылхақ

Барлықов Ғабдылхақ

Шертпе күй шебері Ғабдылхақ Барлықов 1938 жылы ақпан айында Қытай Халық Респуликасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Әкесі Барлық домбыраны сұлу шертіп, ел ішіне кең тараған жыр-дастандарды, тарихи қиссаларды домбыра сүйемелімен толғайтын, елге танымал адам болған. Әкесінен қисса, жырларды домбырамен сүйемелдеу әуендерін қызыға үйреніп, домбыра аспабына құштарланып, онымен әуестенеді. Ғабдылхақтың анасы Оралқан Есенәліқызы қолынан үкілі домбырасы түспеген әнші және айтыскер ақын болыпты. Оралқан апайдың туған нағашысы Қаракерейдің тума руынан шыққан Сейіт-Сері. Өз тұсында «Ақын Сейіт» атанған, көп жылдар Әсет Найманбаевпен бірге жүріп ән шырқаған, өз жанынан ән шығарған елге танымал өнерпаз болған. Ол кішкентай жиені Оралқанның бойындағы өнер ұшқынын ерте аңғарып, оны бала жасынан өнерге баулиды. Оралқанның әкесі Есенәлі, оның інілері Сүлеймен, Көрпебай күйші-домбырашылар болған екен.
Ардақты ана екі нәрестесі Ғабдылхақты да жастайынан халықтық өнердің кәусарынан сусындатып, баласының өнерге ынтызарын арттырады.
Ғабдылхақтың домбырашы болуына игі ықпалын тигізіп, алғаш баулығандардың бірі Тоқтасын қарт. Тоқтасынның қалақтай домбырасынан төгілген күйлер Ғабдылхақтың балғын сезімін баурап алатын. Домбырашы қарт Тоқтасыннан домбыра шертуді игере бастаған Ғабдылхақ мектепте оқып жүргенде «Жорға аю», «Майдажал», «Беласар», «Телқоңыр» атты халық күйлерін орындайтын болады. 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірген кезінде репертуары молайған ортанқол домбырашы болған. Халық композиторы Қайрақбайдың «Емен толқыны», «Қоңыр самал», күйші Жұмажанның «Ой терме» тағы басқа күйлерді игереді. Гимназияны үздік бітірген Ғабдылхақ Алтай аймағына жұмысқа жіберіліп, тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі болып 1960 жылға дейін ұстаздық етіп, «Алтай» газетінің редакциясына ауысып, қоғам өміріне араласады. Халықтық өнерге талпынуына жол ашады. Қалалық мәдениет үйіндегі кештерге қатысуы Ғабдылхақтың өнерге деген құштарлық талғамын өсіріп, орындаушылық шеберлігін арттыра түседі. Балуанхақ, Мәмен, Тәстенбайдың Задасы қатарлы домбырашылармен араласып репертуарына «Көк дөнен», «Әкім батыр», «Шақабай-Шалап» сияқты күйлерді косады. Бір сапарында Қаба ауданында болғанда осы өңірге аты әйгілі, күйші Мүкейдің баласы Рахметолламан кезігіп, одан Мүкейдің «Қосбасар», «Акқабанның толқыны» т.б. бірнеше халық күйлерін үйренеді. Сонымен қатар Буыршын ауданында болып, көнекөз домбырашы карттар Әділхая, Ерғазы атты кісілерден халық композиторлары Бейсенбінің «Кеңес», «Таңсаңшы», Қайрақбайдың «Мергеннің мұңы», «Шеруші құлан», «Өрелі кер» күйлерін үйреніп, олардың аңыздарын біледі.
1962 жылдың сәуір айында өз атамекені, қазақ жеріне Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Үржар ауданы, Тасбұлақ елді мекеніне қоныстанады. Осы жерде Мақаншы ауданының мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, көркемөнерпаздар үйірмесін басқарады, оған қосымша мектепте ән-күй сабағын жүргізіп мұғалім болады.
1972 жылдың күзінде Құрманғазы атындағы қазақтың Мемлекеттік академиясының халық аспаптар оркестріне Ғабдылхақтың орындау шеберлігі назарға алынып, оркестр кұрамына домбырашы болып қабылданады. 1978 жылы қазақ радиосының музыкалық қорына бірнеше күйлер жаздырады. 1986 жылы Бейсенбі, Қайрақбай, Мүкей күйлерін күйтабаққа түсіріп, жарыққа шығарады.
Қазақтың дарынды композиторы, дирижер, халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтың жетекшілігімен   Мемелекеттік   фольклорлық-этнографиялық   «Отырар   сазы»   оркестрі құрылғаннан кейін Ғабдылқақ оркестр құрамына алынады. Ғабдылқақ күй өнерінде өзіндік орны бар бірегей күйші.

  Музыкальное искусство - Народные композиторы


Яндекс.Метрика